Вегетация кезеңі басталғалы Абай облысының диқандарына шамамен 47,2 млн текше метр суармалы су берілді

Вегетация кезеңі басталғалы Абай облысының диқандарына шамамен 47,2 млн текше метр суармалы су берілді

    «Қазсушар» РМК жергілікті филиалы шаруа қожалықтарымен суармалы су беру бойынша 355 келісімшарт жасасты. Абай облысының диқандары кәсіпорын мамандарына суды уақытылы жеткізіп отырғаны үшін алғыс білдіріп жатыр.

 

    «Жоңышқа өсіріп келе жатқаныма 5-6 жыл болды, жақсы өнім алып, мал ұстап отырмын. Су тұрақты түрде келіп тұрады, «Қазсушар» өз жұмысын жақсы атқарып жатыр. Биыл жоңышқаны бір рет орып үлгердік, қазір екіншісін суарып жатырмыз», – дейді шаруа Өмірбек Рақышев.

 

     «50 гектар жерге жоңышқа өсіремін, алғашқы өнімді жинап алдық, қазір екінші рет суарып жатырмыз. Жалпы өнім жаман емес. Суды Қарғыба өзенінен аламыз. Су ресурстары министрлігі техникамен жұмыстар жүргізіп, қазір су жақсы беріліп жатыр», – деді шаруа Әділбек Амантайұлы.

 

     Абай облысындағы «Қазсушар» филиалының су шаруашылығы нысандары Үржар, Жарма, Көкпекті және Ақсуат аудандарында орналасқан.

 

    Филиал су беретін суармалы жерлердің жалпы көлемі – 70,2 мың гектар. Өңірде негізінен дәнді дақылдар, көпжылдық шөптер, көкөністер, күнбағыс, картоп, соя, бақша дақылдары мен жүгері өсіріледі.