Сырдария өзенінде 9 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды

Сырдария өзенінде 9 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды

     Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Сырдария өзенінен суды заңсыз алып келген 9 тіркелмеген сорғы қондырғысын анықтады.

    Нәтижесінде 9 әкімшілік іс қозғалып, заң бұзғандарға жалпы сомасы 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

    Жалпы жыл басынан бері Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы арнайы су пайдалануға рұқсатсыз суды пайдаланған 62 адамды анықтады. Құқық бұзушыларға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 12,7 млн теңгеден асты.

    Сонымен қатар инспекция мамандары 73 елді мекенде жаңа Су кодексінің күшіне енуіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

    Суды жосықсыз пайдаланған бір фактіні Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясы анықтады. Атап айтқанда, негізгі су құбырында ағып кету және су есептегіш құрылғысының істен шыққаны тіркелді. Нәтижесінде су пайдаланушыға айыппұл салынып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

    «Қазіргі уақытта барлық бассейндік инспекция су заңнамасының бұзылуына үнемі мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ су пайдаланушылармен жаңа Су кодексі, суармалы суды пайдалану ережелері, арнайы су пайдалануға рұқсат рәсімдеу және су үнемдеу технологияларына көшу қажеттілігі мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Темірлан Әбдіқұлов.