Николай Васильевич Плаксин – су шаруашылығы саласында жауапты әрі тиянақты еңбегімен танылған білікті маман. Қазіргі таңда ол Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалының Қарағанды пайдалану басқармасына қарасты Технологиялық көлік және механизмдер учаскесінде автокөлік механигі қызметін атқарып келеді.
Николай Васильевич еңбек жолын осы мекемеде 2010 жылдың тамыз айында автокөлік жүргізушісі болып бастаған. Өзінің еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында 2015 жылы автокөлік жөніндегі механик лауазымына тағайындалды.
Ол қызмет барысында өзін сауатты, жауапты және сенімді маман ретінде көрсете білді. Өндірістік тапсырмаларды нақты және уақытылы орындап, еңбек тәртібін сақтауда үлгі бола білді. Техникалық ақауларды жедел анықтап, оларды тиімді шешудің жолдарын таба алатын қабілетімен ерекшеленеді. Кәсіби шешім қабылдаудағы дәлдігі мен әрекет ету жылдамдығы мекеменің жұмысын бірқалыпты ұстауға зор үлес қосады.
Әріптестері арасында зор құрметке ие Николай Васильевич ұжымда жақсы іскерлік қарым-қатынас орнатып, жас мамандарға үнемі тәжірибесін бөлісіп отырады. Еңбекке деген құлшынысы мен кәсібіне деген адалдығы су шаруашылығы саласындағы табысты қызметіне негіз болды.
15 жылға жуық мінсіз еңбегінің нәтижесінде ол биыл 9 шілде Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысының Жарлығымен «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.