Наталья Степановна Кушнаренко – су шаруашылығы саласында ұзақ жылдық еңбек өтілі бар, өз ісіне жауапты әрі тәжірибелі маман. Бүгінде ол Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалының Павлодар пайдалану басқармасы өндірісті диспетчерлендіру бөлімінде диспетчер қызметін атқарып келеді.
Ол еңбек жолын 1998 жылы Ертіс–Қарағанды пайдалану кәсіпорнында №5 учаскенің технологиялық қондырғылар операторы ретінде бастаған. 2000 жылдан 2015 жылға дейін дәл осы бағытта еңбек етіп, өз саласының білікті маманы ретінде қалыптасты. 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар пайдалану басқармасында өндірісті диспетчерлендіру бөлімінің диспетчері қызметін атқарып жүр.
Наталья Степановна жұмыс барысында өзін техникалық сауатты, жауапты әрі адал маман ретінде көрсете білді. Ол Қаныш Сәтпаев атындағы каналдың технологиялық үдерістерін жедел басқарып, жұмыс кезінде туындауы мүмкін ақаулардың алдын алу және оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдайды. Жабдықтардағы кез келген ақау туралы басшылық пен техникалық қызметтерді дер кезінде хабардар етеді.
Ұжымда сыйлы, әріптестерімен сыпайы, әдепті қарым-қатынаста. Мінезі байсалды, сабырлы, кәсіби білімін ұдайы жетілдіріп отырады.
Су шаруашылығы саласындағы адал еңбегі мен үлесі үшін Наталья Кушнаренко 2025 жылы Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысының Жарлығымен «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.