«Еңбек адамы»: Қуаныш Садықов– «Ақтөбе су торабы» өндірістік учаскесінің көлік жүргізушісі

«Еңбек адамы»: Қуаныш Садықов– «Ақтөбе су торабы» өндірістік учаскесінің көлік жүргізушісі
 
Садықов Қуаныш Шәріпұлы 1983 жылы еңбек жолын бастаған. 2009 жылдан бері «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының «Ақтөбе су торабы» өндірістік учаскесінде көлік жүргізушісі қызметін атқарып келеді.
 
Ол жылдар бойы өзінің жауапкершілігімен, тиянақтылығымен және еңбекқорлығымен ерекшеленіп, әріптестері арасында сенімді маман ретінде танылды. Қандай уақыт болмасын, кез келген шақыруға жедел жауап беріп, тапсырылған жұмысты мінсіз орындау – Қуаныш Шәріпұлының басты қағидаты. Оның шапшаңдығы мен сенімділігі көп жағдайда қиындықтың алдын алуға көмектесіп келеді.
 
Әсіресе көктемгі су тасқыны кезінде Қарғалы ауданы, Шәмші Қалдаяқов ауылында төтенше жағдай болған сәтте, Қуаныш Шәріпұлы тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп, келіп жатқан суды бөгеп, ауыл тұрғындарын қауіптен аман сақтауға аянбай атсалысты. Кәсіби деңгейде техника басқара білетін ол қажет жерге дер кезінде жетіп, көмек көрсете білді.
 
Жүргізуші куәлігіне сәйкес, сеніп тапсырылған техникалардың барлығын жетік меңгерген. Ол техниканың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етуге баса мән береді. Көлікті ұқыпты әрі үлкен жауапкершілікпен басқарады.
 
Әріптестері арасында беделді, кез келген жұмысқа тез бейімделетін, қиындықтан қорықпайтын, әрдайым қол ұшын созуға дайын жан. Қуаныш Шәріпұлы – нағыз іс пен еңбек адамы.