Су шаруашылығы қызметкерлері күнінде сарапшылар климаттың өзгеруінің су шаруашылығы саласына әсерін талқылады

Су шаруашылығы қызметкерлері күнінде сарапшылар климаттың өзгеруінің су шаруашылығы саласына әсерін талқылады
     Астанада Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Климаттың су шаруашылығы саласына әсері» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
 
     Сарапшылар Қазақстандағы су тасқыны мен құрғақшылықты болжау, су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеудің цифрлық шешімдері, су заңнамасындағы климаттың өзгеруіне бейімделуді реттеу, климаттың өзгеруінің теріс әсерін болдырмау жөніндегі Парламент бастамалары сияқты мәселелерді талқылады.
 
    «Мемлекет басшысы климаттың өзгеруіне бейімделуге арналған кешенді шаралар әзірлеудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Осыған орай жаңа Су кодексі қабылданып, нормативтік-құқықтық база жаңартылды. Бұл құжатта климаттың өзгеруінің салдарын азайтуға бағытталған нормалар қарастырылған. Бұдан бөлек, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы аясында су инфрақұрылымын салу және реконструкциялау, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
 
    БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов су секторының климаттың өзгеруіне бейімделуі жолындағы халықаралық әріптестіктің рөлін ерекше атап өтті.
«Салаға жауапты министрлік құрылған сәттен бастап, Қазақстанда су ресурстары саласындағы басым міндеттер мен қажеттіліктер жүйеленіп, нақты бағыттар айқындалды. Біз осы үдерістің бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. БҰҰДБ су үнемдеуді ынталандыру тетіктерін енгізу, су секторын ел ауқымындағы және су шаруашылығы бассейндеріндегі климаттың өзгеруіне бейімдеу жоспарларын әзірлеу, сондай-ақ экологиялық ағын принциптерін сақтау сияқты инновациялық тәсілдермен жаңа Су кодексі бойынша жұмысты қолдады»,– деді Сухроб Ходжиматов.
      Сондай-ақ конференция аясында Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстау рәсімі өтті.