Қазақстанның үздік жас сушылары анықталды

Қазақстанның үздік жас сушылары анықталды
 
      Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырған «Еңбек жолы» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік 8 жас сушысы анықталды.
 
      Жеңімпаздар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның өңірлік филиалдарының арасында іріктелді. «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының пайдалану және сумен қамтамасыз ету бөлімінің І санаттағы инженер-гидротехнигі Әлихан Хамзин де үздіктердің қатарында. Әлихан су шаруашылығы саласында 6 жылға жуық еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол өз мамандығына деген жауапкершілігімен, кәсіби біліктілігімен және саладағы белсенділігімен көзге түсті.
«2019 жылы осы салаға келгенімде қарапайым инженер-гидротехник қызметінен бастадым. 2025 жылы І санаттағы инженер-гидротехнигіне дейін көтерілдім. Гидротехникалық құрылыстарды, су қоймаларын, гидроқұбырларды, бөгеттерді пайдалану – біздің негізгі жұмысымыз. Біз су қоймаларын реттейміз, оларды жөндеу, пайдалану және тасқын суды қауіпсіз өткізу жұмыстарымен айналысамыз. Сонымен қатар, су беру көлемін есептеп, суды жинаумен де айналысамыз. Мұндай конкурстар сала қызметкерлерінің мәртебесін арттырып қана қоймай, жас мамандарды ынталандыруға және су ресурстарын тиімді басқарудағы үздік тәжірибені насихаттауға бағытталған»,- дейді Әлихан Хамзин.
 
     Конкурс шарты бойынша «Үздік жас сушы» номинациясына ұсынылған үміткердің жасы 35-тен аспауы және су саласында кемінде 3 жылдық еңбек өтілі болуы тиіс. Сонымен қатар саланың дамуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуы да негізгі бағалау өлшемдеріне кірді.
 
«Үздік жас сушы» аталымы бойынша жеңімпаздар тізімі:
1. «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының пайдалану және сумен қамтамасыз ету бөлімінің 1 санаттағы инженер-гидротехнигі Хамзин Әлихан Әділханұлы;
2. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының гидротехнигі Сәбитқызы Назгүл;
3. «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің инженер-құрылысшысы Серғазынов Әділбек Серғазыұлы;
4. «Қазсушар» РМК «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалы суды пайдалану және гидротехникалық құрылыстар бөлімінің жетекші гидротехнигі Макашев Ардақ Сапаргалиұлы;
5. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының аға инженер-гидротехнигі Ибадилдаев Айдос Серікұлы;
6. «Қазсушар» РМК «Су метрология» филиалының теңгеріміндегі гидробекеттеріне су өлшеу және аттестациялаушы Қуатов Азамат Габидуллаұлы;
7. «Қазсушар» РМК стратегия және корпоративтік даму департаментінің жетекші сарапшысы Ерекенов Нұртуған Ғабитұлы;
8. «Қазсушар» РМК «Сыр суы» филиалының «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің насос станция машинисі Гейдаров Рамазан Каримжанұлы.