Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай үздік сушылар әулеті анықталды

Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай үздік сушылар әулеті анықталды
 
     Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырған «Еңбек жолы» республикалық конкурсының қорытындысы бойынша үздік сушылар әулеті анықталды. Жалпы ведомствоға қарасты «Қазсушар» кәсіпорынында 67 сушылар әулеті еңбек етеді.
 
    Жеңімпаздар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның өңірлік филиалдарының қызметкерлері арасынан іріктелді. «Үздік сушылар әулеті» номинациясы бойынша Қызылорда облысынан шыққан Бәшеновтер әулеті мен Есіл су филиалында еңбек ететін Москвиндер әулеті үздік деп танылды.
 
     Бәшеновтер әулетінің жалпы еңбек өтілі – 127 жыл, ал су шаруашылығына атсалысып жүрген ұрпақ саны – төртке жеткен. Ал Москвиндер әулетінің саладағы еңбек өтіліне 125 жылдай болған. Бәшеновтер әулетінің өкілі, Қызылорда облысындағы «Қармақшысушар» өндірістік учаскесінің аға инженер-гидротехнигі Марат Бәшенов су шаруашылығы саласында осымен қатарынан 34 жыл еңбек етіп келеді.
«Атамыз да еңбек жолын осы салада бастаған. Кейін әкем сол жолды жалғастырды, біз де бауырларыммен бірге су шаруашылығында еңбек етіп жүрміз. Қазір ұлым да менің ізіммен келеді. Қай жұмыстың да өз қиындығы болады. Соған қарамастан, 1991 жылдан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келемін. Басты міндетіміз – суды өлшеп, каналдар арқылы шаруаларға әділ бөлуді қамтамасыз ету»,– дейді Бәшеновтер әулетінің өкілі.
     «Үздік сушылар әулеті» номинациясы бойынша үміткерлерге қойылған басты талап – әулет мүшелерінің кемінде 15 жылдық еңбек өтілі және су саласында қатарынан үш ұрпақтың жұмыс істеуі. Сонымен қатар отбасының су саласындағы ірі жобаларға қатысуы – бөгеттер, су қоймалары, каналдар мен ирригациялық жүйелердің құрылысындағы еңбегі ерекше назарға алынды.