«Еңбек адамы»: Мақсұт Өтеулиев – «Сол жаға» магистральдық каналының аға инженер-гидротехнигі
Мақсұт Бекенбайұлы Өтеулиев 1962 жылдың 29 қарашасында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, сол кездегі Киров колхозы, қазіргі Ж.Махамбетов ауылында дүниеге келген.
Су шаруашылығы саласындағы еңбек жолын ол 1981 жылы Жаңадария каналдар басқармасында инженер-гидрометр болып бастаған. 1983–1985 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп, елге оралғаннан кейін, 1985–1989 жылдары қайтадан сол басқармада инженер-гидрометр қызметін жалғастырған.
1989–1998 жылдар аралығында Жаңадария бөлімшесінде бөлімше бастығы қызметін абыроймен атқарған. Ал 2004 жылдан бастап «Ауданаралық каналдар жүйесі» еншілес коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында да бөлімше басшысы болған.
2013 жылдан бері «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалына қарасты «С.Арыстанбаев атындағы Қызылорда су торабы» өндірістік учаскесінде «Сол жаға» магистральдық каналының аға инженер-гидротехнигі болып қызмет атқарып келеді.
Мақсұт Өтеулиев – өз ісіне адал, жауапты әрі тәжірибесі мол маман. Ол еңбекқорлығымен, әріптестеріне деген сыйластығымен және шаруалармен тез тіл табыса білетін ашық, ақкөңіл әрі сабырлы мінезімен ерекшеленеді.