Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмыс тобы Алматы облысы Іле ауданының Ақши ауылында шаруа қожалықтары мен ауыл әкімдігі өкілдерімен кездесті. Кездесуде шаруаларды 2025 жылдың вегетациялық кезеңінде суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Нәтижесінде Ақши ауылында су тапшылығы салдарынан 100 гектар егіс алқабының құрғап жатқаны туралы бұрын тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталды. Ал шын мәнінде «Қазсушардың» «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалымен су жеткізу бойынша келісімшарттары болмағандықтан, 9 гектар жер суарылмаған.
Елді мекенге су Күрті су қоймасынан Оң жағалау магистральдық каналы арқылы жеткізіледі. Суару маусымы 16 мамырда басталған. Ал Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының филиалы сәуір айының аяғында шаруаларды келісімшартқа отыруға шақыра бастаған.
Мамыр айының басында Күрті су қоймасындағы су көлемі 101,68 млн текше метр болды. Бүгінге дейін Оң жағалау магистральдық каналы арқылы 3,6 млн текше метр су берілді, Сол жағалау магистральдық каналы арқылы 6 млн текше метрден астам су берілді.
«Су беру жұмыстарының келешекте кешігуіне жол бермес үшін жұмыс тобының өкілдері филиалға суару маусымы басталмай тұрып, су беру жөнінде келісімшарттар жасасуды ұсынды. Сондай-ақ каналдарды механикалық әдіспен тазарту мәселесі қарастырылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеу, фермерлерге тариф қою, суды ұтымды пайдалану, шаруашылық ішіндегі каналдарды алдын ала тазарту, егістік айналымын қолдану және су көп қажет ететін дақылдардың егісін азайту мәселелерін белсенді түрде түсіндіру қажет екені айтылды», – деді Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Серік Мейрамбеков.