Астанада Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ислам даму банкі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен үшжақты кездесу өтті. Кездесуде халықаралық қаржы ұйымының қолдауымен іске асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жобаларына құрылыс материалдарын жеткізу ісіне қазақстандық бизнестің қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Бұған дейін министрлік бизнес қауымдастығына жобалардың жұмыс жоспарларын, құрылыс материалдарына деген қажеттіліктерді, тендерге қатысу шарттарын және сатып алу процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету шараларын таныстырған болатын.
Сонымен қатар Қазақстанға Ислам даму банкінің жұмыс тобы келді. ИДБ сарапшыларының бұл сапардағы негізгі мақсаты – су ресурстарын басқару саласында институционалдық әлеуетті дамыту, заманауи технологияларды енгізу, техникалық және кәсіби білім беруді жетілдіру, су инфрақұрылымын автоматтандыру және цифрландыру бағыттарында оқыту семинарларын өткізу.
Семинарлар 6 шілдеге дейін жалғасады. Ислам даму банкінің делегациясы сондай-ақ Түркістан және Жетісу облыстарына барып, «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы аясында жоспарланған ірі құрылыс жұмыстарының барысымен танысады.
Айта кетейік, ИДБ-мен бірлескен жобаның бірінші кезеңі аясында 4 жаңа су қоймасын салу және төрт қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау, 115 каналға күрделі жөндеу жүргізу және Астана су қоймасын толықтыру жобасы көзделген. Бұл жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарын және Астана қаласын қамтиды.
«ИДБ делегациясы сондай-ақ еліміздің бірқатар маңызды мемлекеттік органымен жұмыс кездесулерін өткізеді. Бұл сапар — су саласына озық технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті арттыру бағытында ұзақ мерзімді әріптестікке өзара мүдделі екеніміздің дәлелі. Әлемдік климаттық сын-қатерлер жағдайында бұл — ерекше маңызды. Біз жаңа бағдарламалар мен бастамалар аясындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірлескен жұмысымызды жалғастырамыз», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.