Олардың ішінде халқы 1500-ден асатын 4 ауыл бұған дейін орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысына қатысып, азаматтарды ауыз сумен қамтамасыз ету және су шаруашылығын цифрландыру бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Биылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша 250 шақырым су құбыры тартылды. Қазіргі уақытта Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 10 жоба іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын реконструкциялауға арналған 6 жоба бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұл жобалар 102 шақырым су желісін жаңғыртуды көздейді, нәтижесінде 335 мың тұрғыны бар 202 елді мекеннің сумен қамтылуы жақсарады.
«2025 жылы жалпы саны 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар Ақмола, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында топтық су нысандарын салу мен реконструкциялауды қамтиды. Барлық жоба толық іске асқанда 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры салынып, 1,3 миллиондай халқы бар 468 елді мекеннің суға қолжетімділігі жақсарады. Олардың ішінде 38 мың тұрғыны бар 53 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған су жүйесіне қосылады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Су үнемдеу саласында жаңа Су кодексі айналмалы және қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңмен көшу тәртібін бекітеді. Бұл үдеріс жеті жыл ішінде жүргізіледі – екі жыл дайындық кезеңі және бес жыл нақты енгізу кезеңі.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында еліміз бойынша 2 миллионға жуық оқушыны қамтыған «Суды үнемде – болашақты сақта» атты ашық сабақ өткізілді. Бұл іс-шаралар келесі оқу жылында колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында жалғасын табады.
Су саласын цифрландыру мақсатында Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар қорынан бөлінген грант есебінен Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл платформа су нысандары туралы деректерді әртүрлі көздерден – спутниктік мониторингтен, датчиктер мен есептеу құралдарынан, гидробекеттерден, жедел есептіліктен және ведомстволық статистикадан жинақтайды.
Бұдан бөлек, министрлік каналдарды автоматтандыруды қолға алды. Биыл Қызылорда облысында 58 гидробекетті автоматты су есептеу құралдарымен жабдықтау жобалары іске асырылып жатыр.
«Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында ұзындығы 5 мың шақырымнан асатын суару желілерін цифрландыруға арналған жобалау-сметалық құжат дайындалып жатыр. 2027 жылға дейін тек су есептеу жүйелері ғана емес, сонымен қатар автоматтандырылған гидрожапқыштар да енгізіледі. Бұл су үлестіру үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Технологиялық шешімдерді таңдауда отандық өндірушілердің жабдықтарын пайдалануға басымдық беріліп жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.