Ақтөбе облысында бес кәсіпорынның суды заңсыз пайдаланғаны анықталды

Ақтөбе облысында бес кәсіпорынның суды заңсыз пайдаланғаны анықталды

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының Ақтөбе бөлімшесінің мамандары су қорын қорғау және пайдалану талаптарына қатысты облыстың бес коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына тексеру жүргізді.

Нәтижесінде өңірдің Қобда және Қарғалы аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Ақжар-1, Қызылжар, Қарғалы, Жоғарғы Қарғалы, Өрлеу және Сазды тұрғын аудандарында жерасты суларын заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Екі кәсіпорынның су бұруға рұқсаты болмағаны анықталды.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес, 5 коммуналдық шаруашылыққа су пайдалануға арнайы рұқсаттың жоқтығы үшін айыппұл салынды. Барлығы 3,7 млн теңге өндірілді», – деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ерғали Үмбетбаев.

Бұған дейін Қызылорда облысында 6 шаруа қожалығы 2,3 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдаланғаны анықталған болатын. Ал Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Шардара аудандық прокуратурасымен бірлесіп, Түркістан облысында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады.