Суармалы судың тарифін енді Су ресурстары және ирригация министрлігі реттейді

Суармалы судың тарифін енді Су ресурстары және ирригация министрлігі реттейді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суармалы судың тарифін реттеу құзыреті Ұлттық экономика министрлігінен Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілді.

Ведомство енді каналдар арқылы су беру, егістікке су жеткізу және гидротехникалық құрылыстардың (реттелетін қызметтер) көмегімен жерүсті ағынын реттеу саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Осы жұмыстарды іске асыру үшін арнайы Тарифтік саясат департаменті құрылды.

Қазіргі уақытта министрлік тарифтерді қалыптастыру ережелерін, табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру тәртібін, реттелетін қызметтерді ұсыну жөніндегі үлгілік шарттарды, инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттардың стандартты үлгілерін, қызмет көрсету тәртібі мен қызметкерлердің нақты іс-қимыл ретін көрсететін регламентті, реттелетін қызметтердің тізімін, тәуекелді бағалау өлшемшарттарын, сондай-ақ суармалы суды пайдалану ережелерін әзірлеп, бекітті.

«Бұл нормативтік-құқықтық актінің барлығы әділет органдарында тіркеліп, заңды күшіне енді. Осылайша, министрлік суармалы су бойынша тарифтік реттеуші ретінде толыққанды жұмыс бастады. Енді ведомство функциялары шеңберінде табиғи монополия субъектілерін мемлекеттік реттеумен, олардың қызметіне бақылау жасаумен және оларға мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысады. Мысалы, тарифтерді қарау және бекіту, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу, Мемлекеттік тізімге енгізу немесе одан шығару сияқты жұмыстарды атқарады»,– деді Тарифтік саясат департаментінің директоры Дархан Каинбердиев.

Қазіргі таңда Мемлекеттік тізімге 32 табиғи монополия субъектісі енгізілді. Оның ішінде 29-ы каналдар арқылы су жеткізу бойынша, 3-еуі гидротехникалық құрылыстарды пайдалана отырып, жерүсті ағындарын реттеуге арналған.