Салыстырмалы түрде қарасақ, былтыр су саласында 80 студент өндірістік тәжірибеден өтсе, биыл 339 студент тәжірибе жинады. Оның ішінде 288 студент университеттерден, 51-і колледждерден.
Бұл жұмыс Су ресурстары және ирригация министрлігі мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары арасында жасалған меморандумдар аясында іске асырылып отыр. Маңызды келісімдер студенттерге нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп қана қоймай, су шаруашылығы саласына білікті мамандарды даярлаудың тиімді тетігіне айналды.
Биыл өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің географиясы да кеңейді. Әсіресе Жамбыл, Қызылорда, Ақмола және Батыс Қазақстан филиалдары белсенділік танытты. Сонымен қатар Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде де техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының студенттері тартылды.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі бастамасымен қолға алынған бұл бағыт болашақта су ресурстарын реттеу, ирригация, экожүйе балансы секілді стратегиялық маңызы бар салаларда отандық мамандардың сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар меморандум аясында бірқатар жоғары оқу орнында жаңа мамандықтар, соның ішінде «Су дипломатиясы» сияқты заманауи бағыттар ашылып жатыр», - деді Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.