
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталовпен бірге кеңес өткізді. Кездесу Ислам даму банкімен бірлесіп іске асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы аясындағы ынтымақтастықты талқылауға арналды.
Министрлік кәсіпкерлер қауымдастығына жобаның жұмыс жоспарын, құрылыс материалдарына деген қажеттілікті, тендерге қатысу шарттарын және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан іс-шараларды таныстырды. Кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Жобаның алғашқы кезеңінде 4 жаңа су қоймасын салу және қолданыстағы 4 су қоймасын қайта жаңғырту, сондай-ақ 115 каналға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде Астана су қоймасын сумен толықтыру да қарастырылған. Жұмыстар еліміздің Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстары мен Астана қаласын қамтиды.
Сонымен қатар жоба аясында Ислам даму банкі тарапынан «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына су және өзен бассейндерін зерттеу, ерте ескерту жүйелерін енгізу және «Қазсушар» РМК-ны техникалық жабдықтау бойынша грант қарастырылған.
«Біз мемлекет пен бизнес арасындағы тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа сенім артамыз. Су инфрақұрылымын дамыту — ауқымды міндет, оны іске асыру үшін мемлекет пен жеке сектордың үйлесімді әрекеті қажет. Біз ашық диалогқа дайынбыз және мүдделі компанияларға барлық қажетті ақпаратты беруге әзірміз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.