Суару маусымы басталғаннан бері елдің оңтүстік облыстарындағы «Қазсушар» филиалдары шаруаларға 2,5 млрд текше метрден астам су берді. Мәселен, Түркістан облысында су алу 1,3 млрд текше метрді құрап, 276 мың га жер суарылды. Қызылорда облысында су алу 950 млн текше метрді құрады. Суарудың жалпы ауданы 105 мың гектарға жетті.
Жамбыл облысының «Қазсушар» филиалы 31 мың гектар егіс алқабын суару үшін 107 млн текше метрден астам су берді. Жетісу облысының шаруаларына 127 млн текше метр су беріліп, 18 мың гектардан астам жер суарылды, 11 мың гектардан астам жер ылғалдандырылды. Д.Қонаев атындағы «Үлкен Алматы каналы» филиалы 5210 гектарды суаруға 33 млн текше метр су берді.
Ауа райы мен суармалы судың ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысының диқандары сәуірдің ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинады. Ал мамыр айының соңғы онкүндігінде қауынның, маусым айының алғашқы аптасында қарбыздың алғашқы өнімін жинады.
Биыл «Қазсушар» филиалдары шаруалармен суармалы су беру жөнінде 20 402 келісімшарт жасасты. Өз кезегінде, «Қазсушар» филиалдары мекемемен келісімшартқа отырған шаруаларға ғана суармалы су беретінін ескертеміз.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі» нарығымен күрес жүргізіп жатыр. Мәселен, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады. Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Айта кетерлігі, жаңа Су кодексінде бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, су саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілген. Құжат 10 маусымда күшіне енеді», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Алмас Мұсабеков.
Қырғыз Республикасымен жасалған келісімге сәйкес, биылғы вегетациялық кезеңде Шу өзені арқылы Қазақстанға 180 млн, ал Талас өзені арқылы 400 млн текше метр су келеді деп күтіліп отыр. Сырдария өзені арқылы Шардара су қоймасына шамамен 3,7 млрд текше метр су түседі деп жоспарланып отыр.
Межелі түрде тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, 30 мамырда Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режимі бойынша үшжақты кесте бекітілді. Бұл құжат шеңберінде Қазақстанға вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн текше метр су жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Вегетациялық кезеңді қауіпсіз өткізу мақсатында «Қазсушар» филиалдары 627 шақырым ирригациялық каналды механикалық тәсілмен тазалап, 488 гидротехникалық құрылысжайға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биыл жалпы 517 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда екі есе артық.
Оған қоса биыл Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» филиалдарының техника паркін жаңарту үшін қаржылық лизинг аясында 757 арнайы техниканы сатып алуды бастады. Қазіргі уақытта филиалдарға 303 техника жеткізіліп, олар каналдарды механикалық жолмен тазарту және гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарына белсенді түрде пайдаланылып жатыр.
Министрлік шаруаларды суды үнемдеуге ынталандыру үшін инфрақұрылымды қосу кезінде суды үнемдейтін технологияларды сатып алуға, орнатуға және ұңғымаларды бұрғылауға кеткен шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды.
Сондай-ақ суару суына арналған субсидиялар тариф құнына қарай сараланған мөлшерде енгізілді. Су үнемдейтін технологияларды қолданатын фермерлер үшін субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ға дейін ұлғаяды. Ал мұндай технологияларды қолданбайтындар үшін субсидия көлемі 2024 жылы 50%–75% болса, 2026 жылы 30%–55%-ға дейін төмендейді.
«Жедел деректерге сәйкес, биыл еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 91,5 мың гектарға жуық жерге су үнемдейтін технологиялар енгізілген. Олардың ішінде 15,6 мың гектарға жаңбырлатып суару жүйелері, 28,4 мың гектарға тамшылатып суару жүйелері орнатылған, 47,5 мың гектар жер лазерлік тегістегішпен тегістелген. 2024 жылы су үнемдеу технологиялары шамамен 158 мың гектар аумаққа енгізілсе, соның ішінде оңтүстік өңірлердің үлесіне 130 мың гектарға жуығы тиесілі болған», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.
2025 жылы Түркістан облысында тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын үш зауыт ашу жоспарланған. Ал Тараз қаласында тамшылатып суару жүйелерінің өндірісі іске қосылды. Қазіргі уақытта елімізде жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын төрт отандық зауыт жұмыс істеп тұр.