Судың дұрыс әрі тиімді бөлінуінің арқасында Талас өзеніндегі «Ойық» гидроторабы арқылы жүргізілген экологиялық мақсатта су жіберу нәтижесінде Жамбыл облысындағы «Қазсушар» филиалы Қаракөл көліне су толтырып, Сұлукөл көліне де су жеткізе алды. Сонымен қатар Сарысу және Талас аудандарындағы табиғи жайылымдарға да су барды.
Жергілікті экожүйені сақтау жұмыстары суару маусымы басталмай тұрып жүргізілді. Бастапқыда осы мақсатқа «Ойық» гидроторабы арқылы 120 млн текше метр су жіберу жоспарланған еді. Алайда сәуір айының ортасына қарай экологиялық мақсатта су жіберудің жалпы көлемі 315 млн текше метрге жетті.
30 мамыр күні Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысындағы «Қазсушар» филиалының мамандары арнайы тексеріс жүргізіп, Талас өзені арқылы жіберілген судың Сарысу және Талас аудандарына жеткеніне көз жеткізді.
Өз кезегінде жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыс үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыс білдіріп жатыр.
«Биыл алдыңғы жылдарға қарағанда су қарқынды келді. Су негізгі арнамен өтіп, жайылымды жерлерге жайылды. «Қазсушарға» ризамыз, соның жұмысының нәтижесінде су жақсы келді. Осындай көлемде су жыл сайын келіп тұрады деп үміттенеміз», – дейді Шағалалы елді мекенінің тұрғыны Оңлыәшім Дүйсенбеков.
«Су биыл ерте келді. Наурыздың басында басталып, мамырдың соңына дейін жетті. «Қазсушарға» алғыс айтамыз. Егістікте шөп жақсы өсіп жатыр, су мол. Қазір мал жайып, жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Игілік ауылының тұрғыны Аралбай Жанбеков.