
Болат Бекнияз ұлттық гидрогеология және су шаруашылығы саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
Ол Қазақ политехникалық институтын «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1984 жылы ҚазССР ғылым академиясының Еңбек қызыл Ту ордені Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының инженері болып бастаған. Ол су ресурстары ағындарын бассейнаралық қайта бөлудің ғылыми мәселелері мен Арал теңізі проблемалары бойынша зерттеулер жүргізді. Әр жылдары Геология және жер қойнауын қорғау комитетінде, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Су ресурстары комитетінде жұмыс істеді, «Еуразиялық су орталығы» АҚ-да бас директор, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының инспекторы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы міндетін атқарып, Қазақстандағы Аралды құтқару халықаралық қорының Атқарушы дирекциясын басқарды. Осы тағайындауға дейін Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі қызметін атқарды.
География ғылымдарының кандидаты, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты.
2024 жылдың қазан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Бекнияз «Құрмет» орденімен марапатталды.