
Су ресурстары және ирригация министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін елорда мен Ақмола облысының су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аса маңызды екі нысан - Астана су қоймасы мен Астана қаласының қорғаныс бөгетін ауқымды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысуға арналған баспасөз турына шақырады.
Баспасөз турында журналистер Астана су қоймасының су жіберу құрылғысын, сондай-ақ Астана қорғаныс бөгетінің контрреттегіші мен салынып жатқан су бұру каналын аралап, нысандардағы құрылыс және жаңғырту жұмыстарының барысымен тікелей таныса алады.
Астана қаласының қорғаныс бөгетін реконструкциялау жобасы аясында бөгет 4 шақырымға нығайтылып, ұзартылады. Сонымен қатар автоматтандырылған апатты су жіберу құрылысы мен ұзындығы 23 шақырымнан асатын, Нұра өзеніне шығатын су бұру каналы салынып жатыр. Жоба елорданы су тасқынынан қорғау деңгейін арттырумен қатар, іргелес аумақтардың гидрологиялық режимін жақсартуға, сулы-батпақты экожүйелердің, оның ішінде қамысты биотоптардың сақталуы мен дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба су құстарының мекен ету ортасын және су биологиялық ресурстарын, оның ішінде Қорғалжын көлдер жүйесі бағытындағы табиғи ортаны сақтауға ықпал етеді.
Есіл өзенінің ағынын реттейтін Астана су қоймасы - елорданы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған стратегиялық нысан. Ондағы гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау су қоймасының сенімділігі мен тұрақтылығын арттырып, оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Баспасөз турында Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары табиғи апаттардың алдын алу, жергілікті экожүйелерді сақтау, сондай-ақ тасқын суды қауіпсіз өткізу және жинақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат береді.
Өтетін күні: 15 шілде 2026 жыл
Жүру уақыты: 09:00
Жиналу орны: Қазмедиа орталығы (Д.Қонаев көшесі, 4)
Аккредитация бойынша: +7 777 855 5077 (Аружан)
Аккредиттеу: 14 шілде күні сағат 16:00-ге дейін жалғасады.