Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2024 жылғы 1 қазаннан бастап сот істерін қарау кезінде судьялар жол беретін заңдылықты өрескел бұзудың барлық фактілерін Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің тексеруінің жаңа тетігі қолданысқа енгізілді.
Жаңа тетікті қолдану тәртібін кеңінен түсіндіру және сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Кеңес Төрағасы Д. Малаховтың бастамасымен Республикалық адвокаттар алқасы мен оның аумақтық алқаларының өкілдері үшін онлайн-семинарлар циклі өткізілді. Іс-шараларға еліміздің барлық өңірлерінен 900-ден астам адвокат қатысты.
Семинар барысында Сот жюриінің төрағасы Н. Қайыпжан судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тартудың негіздерін егжей-тегжейлі түсіндірді, сондай-ақ соңғы заңнамалық өзгерістерді ескере отырып қалыптастырылған Сот жюриі жұмысындағы жаңа тәсілдерді таныстырды.
Сот жюриі қызметінің ерекшелігі мен өкілеттіктеріне, оның құрамын кеңейтуге және судьяларға қатысты тәртіптік іс жүргізудің заңдылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ Сот жюриінің хатшысы Қ.Сәлімжан судьялардың іс-әрекеттерімен келіспеуге байланысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мен тексерудің жаңа тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Онлайн-семинарлардың қорытындысы бойынша келіп түскен барлық сұрақтарға толық түсініктемелер берілді.
Түсіндіру іс-шараларын жүргізу заң қоғамдастығының құқықтық хабардар болуын арттыруға, судьялардың қызметі мәселелеріндегі қоғамдық шиеленісті азайтуға және сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға бағытталған. Судьялар корпусының заңдылық пен әділеттіліктің кепілі ретіндегі оң имиджін қалыптастыруға ерекше назар аударылады.
Жоғары Сот Кеңесі сот билігінің ашықтығын, сапасын және беделін одан әрі арттыру мақсатында заң қоғамдастығымен өзара іс-қимыл бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.