Жоғары Сот Кеңесінде Сот жюриінің отырысы өтті

Жоғары Сот Кеңесінде Сот жюриінің отырысы өтті

Ағымдағы жылдың 26 қазанында Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің отырысы өтті, онда жергілікті сот судьяларына қатысты тәртіптік істер қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы аудандық сотының судьясы ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алматы және Түркістан облыстарының аудандық соттарының екі судьясына судья қызметінен босату түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

Жаза қолдануға азаматтық және қылмыстық істерді қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзу, сондай-ақ судьялық этикаға қайшы келетін теріс қылық жасау фактілері негіз болды.

Тәртіптік жауапкершілікке тартылған судьялардың арасында Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының судьясы Н.Б. Шетенов бар. Тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша Н.Б. Шетеновке қатысты судья қызметінен босату түрінде жаза қолдану туралы шешім қабылданды.

Тәртіптік жаза қолданылған судьялар өздеріне байланысты қабылданған шешімдерге қатысты Жоғары Сот Кеңесіне шағымдануға құқылы, сол себепті Сот жюриінің шешімдері заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар, заңнамада көзделген негіздер бойынша Сот жюриі тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты аудандық соттардың 6 судьясына қатысты іс жүргізуді тоқтатты. Аудандық соттардың бұрынғы екі судьясына қатысты іс жүргізу олардың судья қызметінен босатылуына байланысты тоқтатылды.

Жоғары Сот Кеңесінің аппараты