Жоғары Сот Кеңесінің отырысы туралы

Жоғары Сот Кеңесінің отырысы туралы

2022 жылғы 21 маусымда Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жаңа облыстардың құрылуына байланысты Кеңес бірқатар соттарды құруға келісім беру туралы мәселені қарады, атап айтқанда:

1) Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының облыстық соттары;
2) Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттары;
3) Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттары;
4) Абай облысы Семей қаласының, Алматы облысы Қонаев қаласының және Ұлытау облысы Жезқазған қаласының мамандандырылған тергеу соттары;
5) Алматы облысы Қонаев қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты;
6) Ұлытау облысы Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты

Сонымен қатар, Кеңес мүшелері кейбір аудандық және облыстық соттардың атауын өзгертуге келісім берді және судьялардың жалпы штат санын 35 бірлікке ұлғайтуды қолдады.

Кеңес отырысы барысында республика соттарының бірқатар судьялардын атқаратын қызметтерінен босату туралы мәселе қаралды. Босатудың негізі басқа лауазымға сайлану, отставкаға кету, зейнеткерлік жасқа жету, басқа судья лауазымына тағайындау, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің шешімі, сондай-ақ судьяның қайтыс болуы болды.

Күн тәртібінің тағы бір маңызды мәселесі Жоғарғы Сот Төрағасы ұсынған Нұр-сұлтан қаласы сотының, Ақмола және Қызылорда облыстық соттарының төрағалары қызметіне кандидатураларды қарау болды.

Бұдан басқа, отырыста конкурстық іріктеудің кейбір мәселелері қаралды және Кеңестің бұрын қабылданған бірқатар ұсынымдары қайта қаралды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі жанындағы жұмыс органдарының жаңартылған құрамы бекітілді (Сот жюриі, Біліктілік комиссиясы, кадр резерві жөніндегі Комиссия және Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Конкурстық комиссия).

 

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты