Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті

Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті

2022 жылғы 5 мамырда  Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысы барысында республика соттарының бірқатар судьяларын атқаратын қызметтерінен босату туралы мәселе қаралды. Судьяларды босатуға таратылған соттардың судьяларын басқа соттарға тағайындау, отставкаға кету, өз қалауы, басқа жұмысқа ауысу, сондай-ақ Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның және Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің шешімі негіз болды.

Күн тәртібінің тағы бір маңызды мәселесі аудандық және оған теңестірілген соттың төрағасы, облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы және судьясы, Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы және судьясы лауазымдарына кадр резервін қалыптастыру болды.  Отырыс қорытындысы бойынша кадр резервіне барлығы 60 кандидат алынды.

Сонымен қатар, отырыста зейнеткерлік жасқа толған судья лауазымында болу мерзімін ұзартуға келісім берілді, сондай-ақ Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешіміне шағымдану туралы судьяның бір өтініші қаралды.

Кеңес мүшелері арнайы конкурс шеңберінде облыстық сот судьясының лауазымына орналасу мүмкіндігі бар мамандардың құқықтың жекелеген салаларының тізбесін қарап, бекітті.

Сонымен қатар, отырыс барысында кеңес регламентіне түзетулер қабылданып, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының жаңартылған құрамы бекітілді. Комиссия құрамына құқық оқытушылары, заңгер-ғалымдар қатарынан мамандарды қосуға келісім берілді.

Кеңес қабылдаған шешімдер бойынша ақпарат ЖСК-нің ресми сайтында жарияланатын болады.

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты