Жоғары Сот Кеңесінде Сот жюриінің кезекті отырысы өтті

Жоғары Сот Кеңесінде Сот жюриінің кезекті отырысы өтті

Ағымдағы жылдың 25 қарашасында Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің отырысында жергілікті соттардың судьяларына қатысты тәртіптік істер және тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы бір материал қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша он судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан, Шымкент қалалары, Ақмола, Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының аудандық соттарының тоғыз судьясына қатысты ескерту мен сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бұл судьяларды жауапкершілікке тартуға сот төрелігін жүзеге асыру кезінде материалдық және іс жүргізу құқығының бұзылуы негіз болды.

Бұдан басқа, Павлодар облысы аудандық сотының төрағасына қатысты қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сот төрағасы қызметінен босатып, судья қызметіне қалдыру түрінде жаза қолданылды.

Сонымен қатар, Сот жюриі Қызылорда облысы аудандық сотының судьясына қатысты бұрын қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.

 

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты