Жоғарғы Сот Кеңесі біліктілік емтиханын тапсыратын кандидаттар үшін өтініштер мен тиісті құжаттарды қабылдау бойынша ақпараттық жүйені іске қосты

Жоғарғы Сот Кеңесі біліктілік емтиханын тапсыратын кандидаттар үшін өтініштер мен тиісті құжаттарды қабылдау бойынша ақпараттық жүйені іске қосты

ҚР Жоғары Сот Кеңесі 2021 жылдың 3 маусымынан бастап біліктілік емтиханын тапсыру үшін өтініш пен құжаттарды қабылдайтын жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізуде.

Егер бұрын судья лауазымына үміткерлер құжаттарды почта арқылы қолма-қол жібергенде оған айтарлықтай уақыт талап етілетін, енді бұл құжаттарды электронды форматта тапсыруға болады.

Жаңа автоматтандырылған жүйе өзге де мемлекеттік органдардың біріктірілген ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимыл жасайды, бұл кандидаттар тапсыратын құжаттар санын қысқартуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, бүгінгі күні жаңа жүйе арқылы құжаттарды тапсыру кезінде үміткерлер психодиспансер мен наркологиялық диспансерден анықтама ұсынбайтын болады. Кандидаттар туралы осы мәліметтер ведомстволық ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы Кеңеске түсетін болады.

Сондай-ақ жаңа автоматтандырылған жүйе арқылы кандидат өзінің өтініші мен құжаттарының (құжаттарды қарау, арнайы тексеруге жіберу) өту сатыларын қадағалай алады, сондай-ақ психологиялық,  заңнаманы білуге арналған тестілеуге, әңгімелесуге шақырудың жоспарланған күндері туралы уақтылы хабардар етілуі мүмкін.

Жоғарғы Сот Кеңесі регламентінің 16-тармағына сәйкес құжаттардың түпнұсқаларын  Кеңеске заңнаманы білуге арналған тестілеуден үздік өткен тұлғалар ғана ұсынады.

Біліктілік емтиханына қатысу үшін құжаттарды сілтеме бойынша өту арқылы тапсыруға болады.

Құжаттарды электронды форматта тапсыру үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет, оны  «Азаматтарға арналған Үкімет» ҰАҚ-нің кез келген бөлімшесінен (бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталықтары) алуға болатынын атап өту қажет.

Сонымен қатар, үміткерлер біліктілік емтиханына қатысу үшін  өтініш пен құжаттардың көшірмелерін бұрынғыдай Кеңестің атына қағаз форматта қолма-қол жолдай алады.

Автоматтандырылған жүйенің жұмысы жөнінде ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда  әрі қарай жұмыс істеу үшін оларды Кеңестің электронды почтасына (konkurs@vss.gov.kz) жіберуді сұраймыз.

 

Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты