Судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тарту негіздері

Судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тарту негіздері

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты судьялардың тәртіптік жауапкершілігінің негізгі аспектілерін егжей-тегжейлі түсіндіретін ақпараттық бейнематериал дайындады.

Бұл бастама судьяларды іріктеу процесінің ашықтығын арттыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және судьялардың тәуелсіздігінің конституциялық кепілдіктерін қатаң сақтай отырып, сот төрелігі институттарына деген қоғамдық сенімді нығайту жөніндегі Кеңестің кешенді жұмысы шеңберінде іске асырылуда.

Ұсынылған материалда Қазақстан Республикасының заңнамасында судьяны тәртіптік жауапкершілікке тартудың негіздерінің түпкілікті тізбесі белгіленгеніне назар аударылады. Оған судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасау, сондай-ақ істерді қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзу жатады. Сот төрағалары мен сот алқаларының төрағалары лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін де тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Бұл ретте судьялардың процестік дербестігін қамтамасыз ету мақсатында дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты сот актісінің күшін жою немесе оны өзгерту тәртіптік жауапкершілікке әкеп соқпайтыны атап өтіледі. Заңдылықты өрескел бұзу фактісі заңда белгіленген тәртіппен расталмаған жағдайда, сот қатесі де тәртіптік жаза қолдануға негіз бола алмайды.

Бейнематериалда Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің мәртебесі мен құзыретін түсіндіруге ерекше орын берілген. Аталған органның сот органы болып табылмайтыны, сот актілерін қайта қарауға құзыреті жоқ екені және апелляциялық немесе кассациялық сатыларды алмастырмайтыны атап өтіледі. Материалда сондай-ақ тәртіптік істерді қарау тәртібі және қолданылатын тәртіптік жазалардың түрлері – ескерту мен сөгістен бастап, судья қызметінен босатуға, оның ішінде басшылық лауазымынан босатуға дейінгі шаралар көрсетілген.

Іске асырылып жатқан ақпараттық шаралар судьялар корпусының есептілігі мен сот төрелігінің тәуелсіздігі кепілдіктері арасындағы теңгерімді дәйекті түрде қамтамасыз етуге ықпал етеді.