
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов бекіткен Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясын дамытудың тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде болашақ судьяларды кәсіптік даярлау жүйесі кезең-кезеңімен жетілдірілуде.
Осы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – судьялық лауазымға кандидаттарды тереңдетілген қарқынды даярлаудың арнайы бағдарламасы – референдиат. Бағдарлама біліктілік емтиханына кешенді және практикалық бағытта даярлауға бағдарланған.
Бағдарлама тыңдаушылардың тиісті құқық салалары бойынша білімін жүйелеуге және жаңартуға, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде қолданылатын ұлттық заңнаманың ережелерін тереңдетіп зерделеуге, материалдық және процестік құқық нормаларын қолданудың тұрақты дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ біліктілік емтиханының жекелеген кезеңдерінің форматы мен мазмұнына мақсатты түрде дайындалуға мүмкіндік береді.
Оқытуда практикалық құрамдас бөлікке ерекше мән беріледі. Бұл кандидаттарға теориялық базасын нығайтып қана қоймай, нақты құқықтық жағдайларды шешу кезінде құқықтық талдау, дәлелдеу және заңнаманы қолдану дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Жаңа форматтың тиімділігі мен сұранысқа ие болуы заң қоғамдастығы тарапынан тұрақты қызығушылықпен расталуда. Бүгінгі таңда референдиат бағдарламасы бойынша оқуды 100-ден астам адам аяқтады, бұл ретте мамандандырылған даярлықтан өтуге ниет білдірушілердің саны артып келеді.
Бағдарламаға сұраныстың жоғары болуын және кандидаттарды даярлау сапасын одан әрі арттыру қажеттігін ескере отырып, 2026 жылғы 7-29 қазан аралығында Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы нормаларын қолданудың теориялық және практикалық аспектілері» тақырыбында референдиаттың кезекті жаңартылған кезеңін бастайды.
Жаңартылған бағдарламада біліктілік емтиханының жекелеген кезеңдерінен өтуге даярлауға бағытталған модульдер күшейтілді. Мұндай тәсіл білім беру үдерісін кандидаттарға қойылатын талаптарға барынша жақындатуға және тыңдаушыларды неғұрлым кешенді даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Курс Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес судья лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін адамдарға арналған.
Курстың ұзақтығы – 22 сағат. Оқыту форматы – онлайн.
Қатысуға өтінімдер 2026 жылғы 5 қазанға дейін қабылданады.
Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушыларға сертификат беріледі.
Курс үйлестірушісі: Мұхаметқали Гүлнара. Тел.: +7 (7172) 71-08-49, 87079583345 жұмыс уақытында (сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін). Электрондық пошта: sta-zanger@apvs.kz
Референдиатты дамыту Жоғары Сот Кеңесінің судьяларды іріктеу және даярлау тетіктерін жаңғырту жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады. Академияның білім беру бағдарламаларын жетілдіру терең кәсіби білімі, практикалық құзыреттері және сот төрелігін жауапкершілікпен жүзеге асыруға дайындығы бар кандидаттарды сапалы даярлауды қамтамасыз етуге бағытталған.