ҚР Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының азаматтарды жеке қабылдау тәртібі

ҚР Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының азаматтарды жеке қабылдау тәртібі

Мемлекет басшысы айқындаған ашық мемлекет қалыптастыру бағытын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов азаматтарды, қызметтегі судьялар мен судьялық лауазымдарға кандидаттарды күн сайын жеке қабылдауды жүзеге асырады.

Жеке қабылдау барысында Кеңес Төрағасы Жоғары Сот Кеңесінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өтініштерді тікелей қарайды, қажетті түсіндірмелер береді және көтерілген мәселелерді одан әрі қарау тәртібі туралы ақпарат ұсынады.

Кәсіби қоғамдастықпен тікелей өзара іс-қимылға ерекше назар аударылады. Қызметтегі судьялармен кездесулер сот жүйесінің өзекті мәселелері бойынша кері байланыс алуға мүмкіндік берсе, судьялық лауазымдарға кандидаттармен кездесулер белгіленген іріктеу рәсімдері шеңберінде ашық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған.

Мұндай форматқа сұраныстың артып отырғанын жеке қабылдаулар санының айтарлықтай өсуі көрсетеді. Алдыңғы бес жылда жеке қабылдауда 56 азамат, оның ішінде 4 судья болса, 2025 жылдың өзінде Кеңес Төрағасы 220 азаматты қабылдады. Олардың 56-сы – қызметтегі судьялар.

Жоғары динамика 2026 жылы да сақталуда. Ағымдағы жылдың тоғыз айында Кеңес Төрағасының жеке қабылдауында 193 азамат болды, оның ішінде 26-сы – қызметтегі судьялар.

Осылайша, 2025 жыл мен 2026 жылдың тоғыз айында Кеңес Төрағасы барлығы 413 азаматты қабылдады. Бұл алдыңғы бес жылдағы көрсеткіштен жеті еседен астам жоғары.

Күнделікті форматтағы жеке қарым-қатынас Кеңес қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, азаматтар мен кәсіби қоғамдастықтан кері байланысты жедел алуға, өзекті мәселелерді уақтылы анықтауға және Кеңестің құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Азаматтардың, қызметтегі судьялар мен судьялық лауазымдарға кандидаттардың өтініштерімен жұмыс істеу, сондай-ақ сапалы, кәсіби және тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыру мәселелері Жоғары Сот Кеңесінің тұрақты бақылауында және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.