
Жоғары Сот Кеңесі кезекті отырысының қорытындысын шығарып, сот жүйесінің кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелері бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылдады.
Отырыстың басты жаңалығы конкурстық іріктеу тәртібінің өзгеруі болды: Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының бастамасымен соңғы 10 жылда алғаш рет Кеңес Регламенті қайта қаралды. Регламентке енгізілетін өзгерістер жобасы Кеңестің лауазымы бойынша мүшесі – Жоғарғы Сот Төрағасымен егжей-тегжейлі талқыланды. Бағалау өлшемшарттарын жаңарту шеңберінде «кедергі келтіреді / кедергі келтірмейді» деген тұжырымдардың орнына ашық әрі айқын балдық жүйе енгізіледі. Бұл қадам Мемлекет басшысының судьяларды іріктеуді жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындауға, сондай-ақ конкурстық іріктеу процесін толық автоматтандыратын Жоғары Сот Кеңесінің өзіндік ақпараттық жүйесін іске қосуға дайындыққа бағытталған.
Сонымен қатар, Кеңес аудандық соттардың 91 бос судья лауазымына арналған конкурс қорытындысын шығарды. Іріктеу кәсіби ортада жоғары қызығушылық туғызды: конкурсқа 294 өтінім келіп түсті. Ал ең жоғары бәсекелестік Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында бір орынға 97 адамнан тіркелді.
Іріктеу қорытындысы бойынша 61 кандидатқа ұсыным берілді. Оның ішінде 47 заңгер судьялар корпусын алғаш рет толықтырады. Олардың қатарында сот жүйесінің, адвокатураның, прокуратураның, мемлекеттік органдар мен жеке сектордың өкілдері бар. Сонымен қатар 14 жұмыс істеп жүрген судья жаңа лауазымдарға тағайындалуға ұсынылды. Іріктеу барысы дәстүрлі түрде Кеңестің YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілді.
Бұдан бөлек, Кеңес әртүрлі негіздер бойынша 50 судьяны қызметтен босатуды ұсынды. Олардың қатарында отставкаға шығуына байланысты 25 судья, өкілеттік мерзімінің аяқталуына, басқа жұмысқа ауысуына, сондай-ақ Сот жюриінің шешімдеріне және айыптау үкімдерінің заңды күшіне енуіне байланысты қызметтен босатылатын судьялар бар.
Отырыс барысында сондай-ақ судьялардың шағымдары қаралып, республикадағы жекелеген соттардағы судьялар саны қайта қаралды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының, Кадр резерві жөніндегі комиссияның және Сот жюриінің құрамдары жаңартылды.
Атап айтқанда, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясының проректоры – институт директоры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Айдос Майлыбаев енгізілді.
Кадр резерві жөніндегі комиссияның құрамына Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Эльмира Ебенбаева кірді.
Қабылданған шешімдер Кеңестің судьялар корпусын қалыптастырудағы ашықтық пен кәсібилікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысын көрсетеді.