«Сұрақ – жауап» айдары: Біліктілік емтиханының кезеңдері: өткізу тәртібі және сәтті өту критерийлері
Жоғары Сот Кеңесі судьялар корпусын қалыптастыру рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жарияланымдарының циклін жалғастыруда.
«Сұрақ – жауап» айдарының жаңа шығарылымы судья лауазымына арналған біліктілік емтиханының кезеңдеріне, оларды өткізу ерекшеліктеріне, сондай-ақ емтиханды сәтті тапсыру шарттарына арналған.
Біліктілік емтиханы бес кезеңнен тұрады: заңнаманы білуге арналған компьютерлік тестілеу, эссе жазу, кейстік тапсырмаларды шешу, психологиялық тестілеу және Біліктілік комиссиясының мүшелерімен әңгімелесу.
Материалда әрбір кезеңді өткізу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Компьютерлік тестілеу құқықтың 9 саласын қамтиды, 100 сұрақтан тұрады және оған 90 минут беріледі. Тестілеуден сәтті өту үшін үміткер кемінде 75 балл жинауы қажет. Тестілеу нәтижесі тапсырылған күннен бастап бір жыл бойы жарамды.
Емтиханның жазбаша және практикалық кезеңдеріне ерекше назар аударылады. Эссе жазуға екі сағатқа дейін уақыт беріледі, ал қорытындысы бойынша үміткерге 0-ден 5 балға дейін беріледі. Кейстік тапсырмаларды шешу кезінде үміткерге үш кейстік тапсырма ұсынылады. Кейс тапсырмаларын шешу кезінде үміткерлердің жауаптары қойылған сұрақ бойынша тиянақты, өздерінің ұстанымдарының егжей-тегжейлі және анық баяндалуы керек.
Психологиялық тестілеудің мақсаты үміткердің судья ретінде жұмыс істеу үшін қажетті жеке психологиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ мұндай жұмысқа кедергі келтіретін факторларын анықтау болып табылады.
Бесінші кезең – Біліктілік комиссиясының мүшелерімен әңгімелесу. Бұл кезеңнің мақсаты – үміткердің судья қызметін сапалы жүзеге асыруға қажетті кәсіби және коммуникативтік дағдыларының деңгейін бағалау.
Эссе жазу, кейстік тапсырмаларды шешу және Біліктілік комиссиясының мүшелерімен әңгімелесу нәтижелері бойынша жалпы саны кемінде 14 балл жинаған үміткерлер біліктілік емтиханынан сәтті өтті деп есептеледі. Біліктілік емтиханының нәтижесі төрт жыл бойы жарамды. Үміткерлердің білімін, кәсіби және жеке қасиеттерін кезең-кезеңімен бағалау олардың судья қызметін жүзеге асыруға дайындығын айқындауға кешенді тәсілді қамтамасыз етуге және кәсіби судьялар корпусын қалыптастыруға ықпал етеді.