
Жетісу облыстық сотында Жоғары Сот Кеңесі өкілдерінің өңір судьяларымен және Сот әкімшілігінің аумақтық департаментінің қызметкерлерімен кезекті көшпелі кездесуі өтті
Іс-шара судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерін жетілдіруге, кадрлық рәсімдердің ашықтығын арттыруға және судьялар қауымдастығымен кәсіби диалогты нығайтуға бағытталған Кеңестің көшпелі кездесулері циклін жалғастырды.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов Кеңес қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, судьялардың бос лауазымдарына конкурстық іріктеу тәртібі мен кадр резервін қалыптастыру тетіктеріне тоқталды.
Біліктілік емтиханын өткізу тәртібі мен кандидаттарды бағалаудың негізгі кезеңдеріне ерекше назар аударылды.
«Біліктілік емтиханы бірнеше кезеңнен тұрады: объективті критерийлер бойынша балдар автоматты түрде есептелетін цифрлық кезең, бағалау кезеңі және кандидаттармен әңгімелесу. Конкурстық комиссия емтихан қорытындысы бойынша Жоғары Сот Кеңесінің қарауына ұсынымдар енгізеді», – деді Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова.
Кеңес Аппараты басшысының орынбасары Лаура Құрмантаева кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын және конкурстық іріктеу кезеңдерінен өту ерекшеліктерін түсіндірді.
Көшпелі іс-шара аясында азаматтарды жеке қабылдау да өтті. Кеңес өкілдері біліктілік емтиханынан өту және судьялардың бос лауазымдарына орналасу конкурстарына қатысу мәселелері бойынша түсініктемелер берді.
Кездесу барысында ашық пікірталас өтіп, оның аясында қатысушылар соттарды кадрлық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылап, судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде пікір алмасты.
Келіп түскен барлық ұсыныстар мен мәселелер қарауға қабылданды. Ашық диалог кәсіби өзара іс-қимыл және пікір алмасу алаңы ретінде көшпелі кездесулердің қажеттілігін тағы да көрсетті.