
Жоғары Сот Кеңесі Аппараты қызметкерлері үшін құқықтық жалпыоқыту бағдарламасын іске асыру аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейі мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған кезекті оқыту семинарлары өткізілді.
Іс-шара барысында өтініштермен жұмыс істеуге қойылатын заңнама талаптары қаралды. Өтініштер мен шағымдарды қарау мерзімдеріне, сондай-ақ оларды құзыретіне сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау тәртібіне ерекше назар аударылды.
Қатысушыларға процестік мерзімдерді есептеудің практикалық аспектілері, өтініштерді қарау кезінде оларды сақтау тәртібі, сондай-ақ қаралуы тиісті мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтін өтініштерді уақтылы жолдауға қойылатын талаптар түсіндірілді.
Бұдан бөлек, өтініш берушілерге берілетін жауаптардың толықтығы мен сапасын қамтамасыз ету, өтініштерді қарау кезінде формалды көзқарасқа жол бермеу, сондай-ақ заңнамада белгіленген рәсімдерді сақтау мәселелері қаралды.
Мұндай оқыту іс-шараларын өткізу Жоғары Сот Кеңесі Аппараты қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, өтініштермен жұмыс істеу сапасын жетілдіруге, сондай-ақ өтініш берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің тиісінше сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.