
«Zanger» журналында Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың «Қазақстандағы судьяларды конкурстық іріктеу моделі: қалыптасуы және даму үрдістері» тақырыбындағы авторлық мақаласы жарияланды.
Материалда рәсімдердің объективтілігін, ашықтығы мен жариялылығын арттыруға, сондай-ақ кандидаттардың кәсіби және жеке қасиеттерін кешенді бағалауға бағытталған судьяларды конкурстық іріктеудің қазіргі заманғы моделінің дамуы қарастырылады.
Тәуелсіздік жылдарында судьяларды іріктеу жүйесі кадрлық шешімдер қабылдаудың әкімшілік тетіктерінен қазіргі заманғы конкурстық модельге дейін жетілдірілді. 2001 жылдан бастап судьялыққа кандидаттарды іріктеу конкурстық негізде жүзеге асырыла бастады. Бұл судьяларды тағайындау кезінде субъективті факторлардың ықпалын азайтып, меритократия қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 4 қазанда өткен Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезінде судьялық лауазымдарға іріктеу рәсімдерін жетілдіру және олардың әділдігін қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Жоғары Сот Кеңесі конкурстық рәсімдерді одан әрі жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Кандидаттарды бағалаудың цифрлық құралдары мен құзыреттер бойынша сұхбат өткізуге ерекше назар аударылған. Жоғары Сот Кеңесінде қолданылатын арнайы ақпараттық жүйе балдық-рейтингтік тәсіл негізінде кандидаттардың кәсіби тәжірибесін, судьялық өтілін, біліктілік емтихандарының нәтижелерін, ғылыми жетістіктерін және өзге де объективті көрсеткіштерін ескеруге мүмкіндік береді. Сұхбат Бірыңғай құзыреттер шеңберіне негізделген әдістеме бойынша жүргізіледі. Ол судьяның тиімді қызмет атқаруы үшін қажетті тұлғалық және кәсіби қасиеттердің жиынтығын қамтиды.
Конкурстық рәсімдердің ашықтығын арттыруға және кандидаттардың моральдық-адамгершілік қасиеттерін бағалайтын Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қызметін жетілдіруге де ерекше мән берілуде.
Осы бағытта кандидаттар туралы мәліметтерді жинау, тексеру және бағалау тәртібін нақты регламенттеу, міндетті бағалау нысанын енгізу, бірыңғай бағалау өлшемшарттарын бекіту, кандидаттардың рәсімдік құқықтарын айқындау, сондай-ақ ашықтық пен қоғамдық қатысуды қамтамасыз ететін тетіктерді енгізу көзделуде.
Жоғары Сот Кеңесі жүзеге асырып жатқан шаралар конкурстық іріктеудің объективтілігі мен ашықтығын арттыруға, кандидаттарды бағалау тетіктерін жетілдіруге және конкурстық рәсімдерді цифрландыруға бағытталған. Бұл тәуелсіз әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастыруға ықпал етеді.