Жоғары Сот Кеңесі Сот төрелігі академиясының түлектерімен құзыреттер бойынша сұхбат кезеңін аяқтады

Жоғары Сот Кеңесі Сот төрелігі академиясының түлектерімен құзыреттер бойынша сұхбат кезеңін аяқтады

 Жоғары Сот Кеңесі Сот төрелігі академиясының түлектерімен құзыреттер бойынша сұхбат кезеңін аяқтады

10–13 тамыз аралығында Жоғары Сот Кеңесі Сот төрелігі академиясының биылғы 84 түлегімен құзыреттер бойынша сұхбат өткізді. Олар бұған дейін конкурстық іріктеудің аталған кезеңінен өтпеген.

Астана қаласындағы кандидаттармен сұхбат Кеңес ғимаратында офлайн форматта өткізілсе, еліміздің басқа өңірлерінен қатысқан үміткерлер сұхбаттан қашықтан өтті. Бұл олардың тұрғылықты жеріне қарамастан конкурсқа қатысуына тең мүмкіндік берді.

Үміткерлерді бағалауды құрамына Жоғары Сот Кеңесінің тұрақты мүшелері, заңгерлік қоғамдастық өкілдері және персоналды басқару саласындағы білікті мамандар кірген Конкурстық комиссия жүзеге асырды.

Аталған кезеңнің негізгі міндеті судья қызметіне қажетті негізгі кәсіби және тұлғалық қасиеттердің даму деңгейін анықтау болды. Олардың қатарында коммуникативтік және басқарушылық дағдылар, кәсіби кемелдік, негізделген шешімдер қабылдау, өз ұстанымын дәйектеу және күрделі жағдайларда тиімді әрекет ету қабілеті бар.

Өткізілген сұхбаттың басты ерекшелігі – оның практикалық бағыттылығы. Дәстүрлі құқықтық білімді тексеруден өзгеше, сарапшылардың назары кандидаттардың нақты кәсіби тәжірибесін талдауға және олардың өз құзыреттерін практикалық қызметте қолдану қабілетін бағалауға аударылды.

Құзыреттер бойынша сұхбат өткізу – кадрлық шешімдердің объективтілігін арттыруға, білікті әрі жауапты судьялар корпусын қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған іріктеу тетіктерін жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі.