
Абай облыстық сотында Жоғары Сот Кеңесі өкілдерінің өңір судьяларымен және Сот әкімшілігінің аумақтық департаменті қызметкерлерімен кезекті көшпелі кездесуі өтті.
Іс-шара судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерін жетілдіруге, кадрлық рәсімдердің ашықтығын арттыруға және судьялар қауымдастығымен кәсіби диалогты нығайтуға бағытталған Кеңестің көшпелі кездесулер топтамасының жалғасы болды.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова Кеңес қызметінің негізгі бағыттарын таныстырып, бос судья лауазымдарына конкурстық іріктеу тәртібі мен кадрлық резервті қалыптастыру тетіктері туралы баяндады.
«Судьялардың бос лауазымдарына өткізілетін конкурстық іріктеу – кандидаттардың кәсіби даярлығын жан-жақты бағалауға бағытталған көп сатылы процесс. Әрбір кезең олардың теориялық білім деңгейін ғана емес, оның тәжірибеде қолдана білу қабілетін де айқындауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Салтанат Жүніспекова.
Кеңес Аппараты басшысының орынбасары Лаура Құрмантаева кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын және конкурстық іріктеу кезеңдерінен өтудің ерекшеліктерін түсіндірді.
Сот төрелігі академиясының ректоры Қанат Мусин өзекті білім беру бағдарламаларын және болашақ судьяларды даярлау мен қызметтегі судьялардың біліктілігін арттырудың заманауи тәсілдерін таныстырды.
Көшпелі іс-шара аясында азаматтарды жеке қабылдау да өтті. Кеңес өкілдері біліктілік емтиханынан өту және бос судья лауазымдарына орналасу конкурстарына қатысу мәселелері бойынша түсіндірме берді.
Кездесу ашық пікірталаспен қорытындыланды. Оның барысында қатысушылар соттарды кадрлық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылап, судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша пікір алмасты.
Мұндай кездесулер судьялар қауымдастығымен кері байланысты нығайтуға және сот жүйесіндегі кадрлық үдерістердің ашықтығын арттыруға ықпал етеді.