
«Сұрақ– жауап» айдары: Судья лауазымдарына конкурс: қатысу тәртібі және іріктеу өлшемшарттары
Жоғары Сот Кеңесі судьялар корпусын қалыптастыру рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жарияланымдарының циклін жалғастыруда.
«Сұрақ – жауап» айдарының жаңа шығарылымы бос судья лауазымдарына конкурстық іріктеудің негізгі аспектілеріне — конкурсты жариялау мен құжаттарды тапсырудан бастап кандидаттарды бағалау және конкурс нәтижелерін айқындауға дейінгі мәселелерге арналған.
Материалда конкурс туралы хабарландырумен және оның шарттарымен қайдан танысуға болатыны, қандай құжаттарды және қандай мерзімде ұсыну қажеттігі, сондай-ақ конкурсқа қатысушы үміткер бола алатын бос лауазымдар санына шектеу қойыла ма деген мәселелер егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
Іріктеу өлшемшарттарына ерекше назар аударылады. Кандидаттарды бағалау кезінде олардың кәсіби білім деңгейі, моральдық-адамгершілік қасиеттері мен мінсіз беделі, заңгерлік мамандығы бойынша жұмыс өтілі, біліктілік емтиханының нәтижелері және білім деңгейі ескеріледі. Судьяларға қатысты сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен қаралатын істердің күрделілігі де назарға алынады.
Конкурстың бағалау және цифрлық кезеңдері жеке қарастырылады. Кандидаттар туралы мәліметтерді кешенді зерделеу және цифрландырылған өлшемшарттарды қолдану әрбір бос судья лауазымына үміткерлерді жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Конкурстық рәсімдерді жүйелі түрде жетілдіру судьялар корпусына қойылатын жоғары талаптарға сай келетін, неғұрлым даярланған кандидаттарды объективті әрі ашық іріктеуді қамтамасыз етуге бағытталған.