
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова «24KZ» телеарнасының «Сұхбат» бағдарламасында судьялар корпусын қалыптастыру жүйесін жаңғыртудың негізгі нәтижелері туралы айтып берді
Оның айтуынша, 2025 жылдан бастап Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың бастамасымен болашақ судьяларды даярлау мен біліктілік емтиханынан бастап, конкурстық іріктеу, тағайындау және цифрландыруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын кадрлық процестерді кешенді жаңғырту жүргізілуде.
Негізгі нәтижелердің бірі – кадр тапшылығының қысқаруы. Бұған дейін судьялардың бос лауазымдарының саны шамамен 350-ге дейін жетсе, қабылданған шаралар жағдайды едәуір жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын төмендетпей, конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімі төрт еседен астам – алты айдан бір жарым айға дейін қысқартылды.
Әлеуетті кандидаттар қатарын кеңейту мақсатында Кеңес кәсіби заңгерлер қауымдастығымен өзара іс-қимылды күшейтті. Адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары, жеке сот орындаушылары және басқа да мамандардың қатысуымен 45-ке жуық онлайн-семинар өткізілді. Оларға 14 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде сот жүйесінен тыс заңгерлер арасынан кандидаттар саны артып, аудандық сот судьясының бір бос лауазымына орта есеппен 12 кандидаттан үміткер болуда.
Біліктілік емтиханы да айтарлықтай жаңғыртылды. Тест тапсырмаларының базасы толығымен жаңартылып, отандық жетекші заңгер-ғалымдардың қатысуымен тәуелсіз ғылыми сараптамадан өткен 1 000-ға жуық жаңа сұрақ әзірленді.
«Біздің міндетіміз – емтиханнан өтушілердің үлесін арттыру емес, даярлығы жоғары кандидаттарды сапалы іріктеу», – деп атап өтті Салтанат Жүніспекова.
Судьялар корпусын қалыптастыру кезінде іріктеу критерийлерінің объективтілігіне, кандидаттардың кәсіби беделіне, білім саласындағы жетістіктеріне және кәсіби қызметінің сапасына ерекше мән беріледі.
Кеңес мүшесі судья әдебі мәселелеріне де жеке тоқталды. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы жағдайында жоғары мінез-құлық стандарттарын сақтау сот билігінің беделін нығайту мен қоғамның сот төрелігіне деген сенімін арттырудың маңызды факторына айналуда.
Жоғары Сот Кеңесі жүргізіп жатқан жұмыс кәсіби әрі тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыруға, кадрлық іріктеу сапасын арттыруға және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.