
Bruxelles Korner халықаралық ақпараттық-талдамалық интернет-басылымында Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың Сот төрелігі академиясының 10 жылдығына арналған мақаласы жарияланды
Жарияланымда оқу орнының он жылдық даму қорытындылары шығарылып, оны одан әрі жаңғыртудың стратегиялық бағыттары ұсынылған. Материалда Академияның қалыптасуының негізгі кезеңдері, кадрлар даярлаудың заманауи тәсілдері және 2024 жылы оқу орны Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілгеннен кейінгі институционалдық өзгерістер баяндалған.
Мақалада Академияның білім беру, ғылым мен практиканы ұштастыратын судья кадрларын даярлау жүйесінің негізгі буыны ретіндегі рөлі атап өтіледі. 2017–2025 жылдары Академияны 638 магистрант тәмамдап, олардың елеулі бөлігі еліміздің судьялар корпусын толықтырғаны көрсетілген.
Академияның Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілуі оқу процесін сот жүйесінің нақты қажеттіліктерімен тығыз байланыстыруға мүмкіндік беріп, ғылым мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді.
Академияны жаңғыртудың негізі ретінде магистратура бағдарламаларын жаңартуды, «Құқық» бағыты бойынша докторантураны іске қосуды, судьялардың біліктілігін арттырудың жеке траекторияларын дамытуды, референдиат институтын енгізуді және ғылыми қызмет субъектісі мәртебесін алуды көздейтін Академияның 2025–2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы айқындалған.
Академияның Орталық Азия және түркі әлемі мемлекеттері арасындағы кәсіби диалогтың өңірлік алаңы ретінде халықаралық деңгейге шығуына ерекше назар аударылған.
Алдағы дамудың басым бағыттары ретінде цифрландыру, ғылыми мектептерді нығайту және жоғары кәсіби әрі тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыру мақсатында халықаралық әріптестікті кеңейту айқындалған.
Bruxelles Korner — Брюссельде орналасқан, еуропалық және халықаралық күн тәртібін жариялайтын халықаралық көптілді ақпараттық-талдамалық интернет-басылым.