Жоғары Сот Кеңесі Ақмола облысының судьялар қауымдастығымен кездесу өткізді

Жоғары Сот Кеңесі Ақмола облысының судьялар қауымдастығымен кездесу өткізді

Жоғары Сот Кеңесі Ақмола облысының судьялар қауымдастығымен кездесу өткізді

Ақмола облыстық сотында Жоғары Сот Кеңесі мүшелерінің өңір судьяларымен және сот қызметкерлерімен кезекті көшпелі кездесуі өтті. Іс-шара кадрлық рәсімдердің ашықтығын арттыруға және судьялар корпусын қалыптастыру тетіктерін түсіндіруге бағытталды.

Ақмола облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Раджаб Даминов алғы сөзінде соттарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету конкурстық іріктеу рәсімдері мен кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы ақпараттың ашықтығына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Кездесу барысында Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов Кеңестің қызметі мен мемлекеттік кадр саясатын іске асырудағы рөліне, судьялардың тәртіптік жауапкершілігі мәселелеріне, сондай-ақ судьяларға қойылатын жоғары әдеп стандарттарын сақтаудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Кеңес мүшесі Кәкен Қасаболатов біліктілік емтиханын тапсыру тәртібін, кандидаттарды бағалау өлшемшарттарын және кадр резервін қалыптастыру ерекшеліктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Болашақ судьяларды даярлау және заманауи білім беру стандарттарын енгізу мәселелері жөнінде Сот төрелігі академиясының өкілі, профессор Руслан Сұлтанов баяндады.

Іс-шара сұрақ-жауап сессиясымен қорытындыланды. Оның барысында қатысушылар конкурстарға қатысу және біліктілік іріктеуінен өту мәселелері бойынша практикалық ұсынымдар алды.

Осындай көшпелі іс-шараларды өткізу кадрлық рәсімдердің ашықтығын арттыруға, судьялар қауымдастығымен өзара іс-қимылды нығайтуға және судья лауазымдарына кандидаттарға қойылатын заманауи талаптар жөнінде бірыңғай түсінік қалыптастыруға ықпал етеді.