
Жоғары Сот Кеңесі судья лауазымына үміткерлерді іріктеу рәсімдерінің ашықтығын арттыру және кандидаттарды құқықтық ақпараттандыру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда
Осы жұмыс аясында судья лауазымына үміткерлерге арналған біліктілік емтиханының алғашқы кезеңі – Қазақстан Республикасы заңнамасын білуге арналған компьютерлік тестілеуге қатысты ақпараттық бейнематериал дайындалды.
Бейнематериалда тестілеуді өткізу тәртібі, оның мазмұны, кандидаттарға қойылатын талаптар және емтиханның алғашқы кезеңінен сәтті өту шарттары жан-жақты түсіндіріледі.
Онда біліктілік емтиханы судья лауазымына апарар жолдағы алғашқы маңызды кезең екені атап өтіледі. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен жүзеге асырылған конкурстық рәсімдерді жаңғырту нәтижесінде 2025 жылдан бастап біліктілік емтиханы бұрын тоқсанына бір рет өткізілсе, бүгінде ай сайын өткізіледі. Бұл кандидаттардың емтихан тапсыру мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті.
Компьютерлік тестілеу Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында өткізіледі. Кандидаттарға құқықтың тоғыз саласы бойынша 100 тест тапсырмасын орындауға 90 минут уақыт беріледі. Тестілеуден сәтті өту үшін кемінде 75 балл жинау қажет. Тестілеу нәтижесі бір жыл бойы жарамды және біліктілік емтиханының келесі кезеңдеріне қатысуға құқық береді. Сонымен қатар, заңнамада тестілеу нәтижелеріне Апелляциялық комиссияға шағымдану мүмкіндігі көзделген.
Бұдан бөлек, Жоғары Сот Кеңесінің ресми интернет-ресурсында кандидаттарға емтиханның форматына алдын ала танысуға және өз білім деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін «Сынамалы компьютерлік тестілеу» бөлімі орналастырылған.
Жоғары Сот Кеңесі жүргізіп отырған бұл жұмыс конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, кандидаттарды іріктеу тәртібі туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және кәсіби, білікті әрі тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастыруға бағытталған.