
Қарағанды облыстық сотында Жоғары Сот Кеңесінің ұйымдастыруымен сот жүйесі қызметкерлерімен көшпелі кездесу өтті
Аталған форматтағы іс-шаралар Жоғары Сот Кеңесінің бастамасымен Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңында көзделген Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері аясында өткізіледі және судьялар корпусын қалыптастыру рәсімдерінің ашықтығын, жариялылығын әрі қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Іс-шараға Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, облыстық және жергілікті соттардың судьялары, сондай-ақ сот жүйесінің қызметкерлері қатысты.
Кездесуді аша отырып, Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ғалым Күлекеев кәсіби, білікті әрі тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, сот жүйесі қызметкерлерін судья лауазымына орналасу мүмкіндіктері туралы ашық ақпараттандырудың қажеттігін атап өтті.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Самат Кененбаев Кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен оның сот жүйесіндегі мемлекеттік кадр саясатын іске асырудағы рөлі туралы баяндады. Сонымен қатар конкурстық іріктеу тәртібі, кадр резервін қалыптастыру, кандидаттарға қойылатын талаптар және қолданыстағы конкурстық рәсімдердің ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді.
Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ақмарал Исаева судья лауазымына арналған біліктілік емтиханынан өту тәртібін түсіндіріп, оның негізгі кезеңдеріне, бағалау өлшемдеріне және үміткерлерге қойылатын талаптарға тоқталды.
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының Азаматтық-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Руслан Сұлтанов қатысушыларды Академияның қызметімен, іске асырылып жатқан білім беру бағдарламаларымен және болашақ судьяларды даярлаудың қазіргі заманғы тәсілдерімен таныстырды.
Кездесу барысында судьялардың тәртіптік жауапкершілігі, судья әдебі қағидаларын сақтау және кәсіби мінез-құлық стандарттары мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Ақмарал Исаева заңдылық қағидаттары мен судья әдебі нормаларын мүлтіксіз сақтау қоғамның сот билігіне деген сенімін қамтамасыз ететін маңызды кепілдіктердің бірі екенін атап өтті.
Мұндай бастамаларды іске асыру Жоғары Сот Кеңесінің кадрлық рәсімдердің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, олардың қолжетімділігін арттыру және судьялар корпусын қалыптастырудың әділ әрі ашық тетіктерін жетілдіру бағытындағы жүйелі жұмысының айқын көрінісі болып табылады.
Іс-шара соңында ашық пікір алмасу өтіп, қатысушылардың конкурстық іріктеу, біліктілік емтиханынан өту, Сот төрелігі академиясында білім алу және одан әрі кәсіби даму мәселелеріне қатысты қойған сұрақтарына толық жауаптар берілді.