
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов азаматтарды кезекті жеке қабылдады
Бүгінде қоғаммен тұрақты әрі ашық диалог жүргізу Кеңес қызметінің негізгі қағидаттарының біріне айналды.
Қабылдау барысында азаматтар сот актілерімен және судьялардың процестік әрекеттерімен келіспейтіндерін білдіріп, сондай-ақ судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды.
Әрбір мәселе бойынша Кеңес Төрағасы судьялардың тәуелсіздігінің конституциялық қағидатының шегі мен оларды заңда белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартудың негіздерін кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар Дмитрий Малахов Жоғары Сот Кеңесінің сот төрелігін жүзеге асыру процесіне араласуға немесе судьяларға қатысты қандай да бір қызметтік тексеру жүргізуге құқығы жоқ екенін ерекше атап өтті.
Дәл осындай жеке кездесулер барысында Кеңеске келіп түсетін жазбаша өтініштерді қарау кезінде анықтау мүмкін болмайтын мәселелерді айқындауға мүмкіндік туады.
Сондықтан әрбір азаматтың өз пікірін білдіруіне мүмкіндік бере отырып, Кеңес жеке қабылдауларды мемлекеттік орган қызметіне деген сенімді арттырудың және қабылданатын шешімдердің сапасын жетілдірудің тиімді тетігі ретінде қарастырады.
Қабылдау барысында үш қолданыстағы судья да судьялар корпусын іріктеу және қалыптастыру критерийлерін одан әрі жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын білдірді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы осындай тікелей байланыс пен Кеңес басшылығының ашықтығы азаматтарға сот төрелігін жүзеге асыру қағидаттарын тереңірек түсінуге, сот шешімдерімен келіспеу мен судьялардың тәртіптік жауаптылығы мәселелерінің аражігін ажыратуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай кездесулер Кеңес қызметін одан әрі жетілдірудің ықтимал бағыттарын айқындауға ықпал етеді.
Жеке қабылдаулардың тиімділігін статистика да айқын көрсетеді. Алдыңғы бес жыл ішінде жеке қабылдауда бар болғаны 56 азамат, оның ішінде 4 судья болған болса, тек 2025 жылдың өзінде 220 азаматпен кездесу өткізілді, олардың 56-сы – судьялар. Бұл жоғары қарқын 2026 жылы да сақталуда. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Кеңес Төрағасы 117 азаматты, оның ішінде 18 қолданыстағы судьяны жеке қабылдады.
Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының жеке қабылдаулары азаматтардың қалауына қарай күн сайын офлайн немесе онлайн форматта өткізіледі.
Жалпы, Кеңес Төрағасының жеке қабылдаулары ашықтық пен қолжетімділіктің маңызды құралы ретінде адамға бағдарланған әрі тиімді мемлекеттік басқару қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.