«Кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру: жүйелі жаңғыртудың нәтижелері және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары»

«Кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру: жүйелі жаңғыртудың нәтижелері және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары»

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде судьялар корпусын қалыптастыру жүйесін кешенді жаңғырту нәтижелері мен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз конференциясы барысында Жоғары Сот Кеңесінің судьялар корпусын қалыптастыру жүйесін кешенді жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқаны атап өтілді. Бұл жұмыс болашақ судьяларды даярлау, біліктілік емтиханы, конкурстық іріктеу, тағайындау және кадрлық рәсімдерді цифрландыруды қоса алғанда, кадрлық процестердің барлық кезеңін қамтиды. Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты – қоғамның сұранысына және сот төрелігінің сапасына қойылатын жаңа талаптарға сай келетін заманауи кадрлық жүйені қалыптастыру.

Сондай-ақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша алғаш рет судьялардың табиғи түрде қызметтен кетуінің орнын толтырып қана қоймай, судьялар корпусы санының нақты өсуін қамтамасыз етуге қол жеткізілгені айтылды. Кадрларды толықтыру көрсеткіші 130 пайыздан асты, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 100 пайыздан төмен болған. Өңірлерде бес жыл бойы бос тұрған 64 судьялық лауазым толықтырылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Мемлекет басшысының Жарлықтарымен аудандық соттардың 159 судьясы тағайындалды. Соның нәтижесінде бос тұрған судьялық лауазымдар саны 237-ге дейін қысқарды. Бұдан бөлек, Жоғары Сот Кеңесі ұсынған 37 кандидат заңнамада көзделген тексерулер мен тағылымдамадан өтуде.

Конкурстық іріктеуді жетілдіру аясында Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының тапсырмасы бойынша бір конкурсты өткізу мерзімі алты айдан бір жарым айға дейін, яғни төрт есеге жуық қысқартылды. Бұл ретте кандидаттарға қойылатын барлық талаптар толық көлемде сақталды. 2025 жылы 796 судьялық лауазымға алты конкурстық рәсім аяқталды. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 295 бос судьялық лауазымға тағы бес конкурс жарияланды.

Негізгі бағыттардың бірі – судьялыққа кандидаттарға арналған біліктілік емтиханын кешенді жаңғырту болды. Емтиханнан өту мерзімі бір жарым жылдан үш айға дейін жұмыс процестерін оңтайландырудың нәтижесінде қысқартылды. Бұл ретте кандидаттарға қойылатын жоғары талаптар толық сақталды. Бүгінде емтихан бес кезеңнен тұрады. Тест тапсырмаларының банкі толық жаңартылып, 1000-ға жуық жаңа тапсырма әзірленді, ал Біліктілік комиссиясының құрамы шамамен 40 пайызға жаңартылды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 304 кандидаттың қатысуымен төрт біліктілік емтиханы өткізілді. Оның барлық кезеңінен 53 кандидат сәтті өтіп, бұл жалпы қатысушылар санының 17,4 пайызын құрады.

Сонымен қатар Жоғары Сот Кеңесі заң қоғамдастығы өкілдерін тарта отырып, судьялыққа кандидаттар қатарын кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта 14 мыңнан астам заң қоғамдастығы өкілінің қатысуымен 45 онлайн-семинар ұйымдастырылды. Бұл судья мамандығына деген қызығушылықтың артуына және конкурстық іріктеудегі бәсекелестіктің күшеюіне ықпал етті. Қазіргі уақытта аудандық сот судьясының бір бос лауазымына орта есеппен 12 кандидат үміткер болады.

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясын дамыту жұмысы да жалғасуда. Биыл Академияның 88 түлегінің 84-і біліктілік емтиханын сәтті тапсырып, бұл көрсеткіш шамамен 96 пайызды құрады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағайындалған 159 судьяның 82-сі – Академия түлектері.

Сонымен қатар конкурстық іріктеу өлшемшарттарын және соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қызметін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Кадрлық процестерді цифрлық трансформациялау да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жоғары Сот Кеңесі судьяларды іріктеуге арналған өзінің ақпараттық жүйесінің бес негізгі модулін әзірлеуді аяқтады. 2026 жылдың екінші жартыжылдығында конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау кезеңінде жүйені пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр. Бұл конкурстық рәсімдердің мерзімін қысқартуға, кадрлық процестерді автоматтандыруға, адами фактордың ықпалын азайтуға және кадрлық шешімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Баспасөз конференциясы қорытындысы бойынша спикерлер Жоғары Сот Кеңесі жүзеге асырып жатқан жүйелі жаңғырту шаралары судьяларды іріктеу институттарын одан әрі жетілдіруге және сот жүйесін кәсіби, тәуелсіз әрі қоғам сеніміне ие судьялармен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.