Республикалық «Айқын» газетінде Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанованың «Судья тәуелсіздігі – әділ соттың басты кепілі» атты мақаласы жарияланды

Республикалық «Айқын» газетінде Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанованың «Судья тәуелсіздігі – әділ соттың басты кепілі» атты мақаласы жарияланды

Республикалық «Айқын» газетінде Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанованың «Судья тәуелсіздігі – әділ соттың басты кепілі» атты мақаласы жарияланды.

Мақалада судья тәуелсіздігі құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі әрі азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызды кепілі ретінде кеңінен қарастырылады.

Автордың атап өтуінше, Қазақстанның сот жүйесінде соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан реформалар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асырумен тікелей байланысты. Мақалада Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңында бекітілген судьялар тәуелсіздігінің құқықтық кепілдіктері жан-жақты талданып, олардың іс жүзінде тиімді әрі дәйекті жүзеге асырылуының маңыздылығына ерекше назар аударылады.

Сот жүйесін жаңғырту аясында судьялардың процессуалдық тәуелсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге, сот жүйесін цифрландыруға, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге басымдық берілуде. Сонымен қатар, автор судьялар корпусына қатысты ақпараттық және цифрлық қысым сияқты қазіргі заманның өзекті сын-қатерлеріне де тоқталады.

Жарияланымның жеке бөлімі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудағы Жоғары Сот Кеңесінің институционалдық рөліне арналған. Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін қамтамасыз ететін негізгі орган ретінде Кеңес ашықтық, объективтілік және меритократия қағидаттарына негізделген судьяларды іріктеу тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп келеді.

Біліктілік емтихандары мен конкурстық іріктеу рәсімдерін жетілдіру бүгінде нақты нәтижесін беруде. Кеңестің ұсынысы негізінде 2025 жылы 151 жаңа судья тағайындалып, бұл елдегі судьялар тапшылығын едәуір қысқартуға және сот жүйесін білікті кадрлармен толықтыруға мүмкіндік берді.

Мақала соңында Жанат Оспанова тәуелсіз судья әділ сот төрелігінің басты кепілі болып қала беретінін атап өтеді. Оның пікірінше, Жоғары Сот Кеңесінің институционалдық рөлін одан әрі нығайту, меритократия қағидаттарын дамыту және судьяларды кез келген заңсыз ықпалдан тиімді қорғау – қоғамның сот билігіне деген сенімін арттырудың және құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтудың басты шарттарының бірі.