
Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистратура түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті
Биыл «Сот және сот төрелігі» мамандандырылған білім беру бағдарламасы бойынша 88 магистрант оқуын сәтті аяқтады.
Салтанатты іс-шараға Кеңес мүшелері, Кеңес Аппаратының қызметкерлері, Сот төрелігі академиясының басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрамы және қызметкерлері қатысты.
Түлектерге құттықтау сөз сөйлеген Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов еліміз үшін сапалы заңгерлік білімнің стратегиялық маңызын атап өтті.
2026 жылы Сот төрелігі академиясы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бір айта кетерлігі, 2025 жылдан бастап магистратура түлектеріне дипломдарды Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы салтанатты түрде табыстап келеді. Бұл игі дәстүрге айналып, Кеңестің болашақ судьяларды даярлау ісіне ерекше мән беретінін айқын көрсетеді.
«Бүгінгі салтанатты шараның ерекше маңыздылығы – бұл мерейтойлық түлектер легінің Академия тарихында айрықша орын алуында. Магистр дәрежесін алу – білім алудың маңызды кезеңін лайықты аяқтау ғана емес, сонымен қатар сіздердің заңға, әділдікке және қоғам мүддесіне қызмет етуге дайын екендіктеріңіздің айғағы. Академия қабырғасында алған білімдеріңіз, тәжірибелік дағдыларыңыз бен кәсіби құзыреттеріңіз алдағы еңбек жолдарыңызда берік негіз болып, кәсіби өсулеріңізге жол ашады деп сенемін», – деді Дмитрий Малахов.
Түлектерге ізгі тілектерін сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Е.Ж. Айтжанов, Кеңес Аппараты басшысының орынбасары Л.С. Құрмантаева және Сот төрелігі академиясының ректоры Қ.Қ. Мусин жеткізді.
Түлектер атынан сөз сөйлеген Д.М. Бикадамова мен Е.С. Тоқсанбай Академия басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамына сапалы білім мен жоғары деңгейдегі кәсіби даярлық бергені үшін алғыстарын білдірді.
Сот төрелігі академиясы – Қазақстандағы ерекше мәртебеге ие, судьялыққа кандидаттарды мақсатты даярлауды, сондай-ақ қолданыстағы судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны.
2025 жылы Академия мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтті. Дайындық сапасының жоғары деңгейі нақты нәтижелермен дәлелденуде: 2026 жылы Академия түлектерінің 95,5 пайызы судья лауазымына арналған біліктілік емтиханын сәтті тапсырды.
Академияның басты ерекшелігі – барлық сот сатыларындағы қолданыстағы судьялардың қатысуымен жүзеге асырылатын тәжірибеге бағдарланған білім беру үдерісі. Академияда магистратурадан бастап докторантураға дейінгі толық білім беру жүйесі қалыптастырылған, заманауи білім беру технологиялары, соттардағы практика, оқытуды басқарудың цифрлық жүйесі және криминалистикалық полигон енгізілген.
Жүзеге асырылған бұл өзгерістердің барлығы судья кадрларын даярлау сапасын арттыруға және Қазақстан Республикасының сот жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Түлектерді оқуын сәтті аяқтауымен шын жүректен құттықтап, әділдік жолындағы қызметтеріне толағай табыс тілейміз!