Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының азаматтық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының директоры Руслан Сұлтанов «24KZ» телеарнасының «Интервью» бағдарламасына қатысып, сот білімін дамыту, болашақ судьяларды даярлау және Академияға қабылдаудың жаңа қағидалары туралы айтып берді.
Сұхбат барысында спикер кәсіби, білікті және тәуелсіз судьяларды даярлау сот төрелігінің сапасына және азаматтардың сот жүйесіне деген сенім деңгейіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Бүгінде Сот төрелігі академиясы болашақ судьяларды даярлауды, қолданыстағы судьялардың біліктілігін арттыруды және сот төрелігі саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуды жүзеге асыратын еліміздегі жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны болып табылады.
2026 жылы Академия өзінің он жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде Академияны 600-ден астам түлек тәмамдады, олардың 76 пайыздан астамы сот жүйесінде қызмет атқарады, ал 95 пайыздан астамы біліктілік емтиханынан сәтті өткен.
Руслан Сұлтановтың айтуынша, Академияның дамуындағы жаңа кезең оның 2024 жылы Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілуінен кейін басталды. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы мен тікелей қолдауының арқасында Академия қызметін кешенді жаңғырту жүзеге асырылып, білім беру сапасын арттыруға, практикалық даярлықты күшейтуге және сот жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған жаңа стратегиялық даму бағыты белгіленді.
Академияны дамытудың 2025–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында білім беру бағдарламалары жаңартылды, оқытудың заманауи тәжірибеге бағдарланған тәсілдері енгізілді, ғылыми-педагогикалық магистратура ашылып, алғаш рет «Құқық» бағыты бойынша докторанттарды даярлауға лицензия алынды.
Сұхбат барысында қабылдау науқанына ерекше назар аударылды. Бүгінде Академияға мемлекеттік қызметшілер ғана емес, адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары, корпоративтік заңгерлер, жеке сот орындаушылары және заң қоғамдастығының өзге де өкілдері түсе алады. Спикердің айтуынша, бұл сот жүйесінің кадрлық резервін кеңейтуге және судьялық мамандыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Оқуға деген жоғары қызығушылық соңғы қабылдау науқандарының нәтижелерімен де расталады — бір орынға шаққандағы конкурс шамамен 10 адамды құрайды.
Болашақ судьяларды даярлау мәселесіне тоқталған Руслан Сұлтанов қазіргі заманғы судья заңнаманы терең білумен қатар, жоғары этикалық стандарттарға сай болуы, тәуелсіз ойлай алуы, тиімді коммуникация жүргізу дағдыларына ие болуы және салмақты шешім қабылдай білуі қажет екенін атап өтті.
Сөз соңында спикер Академияның басты міндеті әділ сот төрелігін қамтамасыз етіп, қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайта алатын кәсіби, тәуелсіз және жауапты судьялардың жаңа буынын даярлау екенін айтты.