
Біліктілік емтиханы болашақ судьяларды даярлаудың қорытынды кезеңі болып табылады және бос судьялық лауазымдарға конкурстық іріктеуге қатысудың міндетті шарты саналады.
Емтиханды Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Жоғарғы Сот судьялары, адвокаттар қауымдастығының өкілдері және Академия оқытушыларынан құралған Біліктілік комиссиясы қабылдады. Мұндай құрам түлектердің даярлық деңгейін тәуелсіз, объективті әрі жан-жақты бағалауды қамтамасыз етеді.
Біліктілік емтиханы үш кезеңнен тұрды: Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған компьютерлік тестілеу, сот тәжірибесіндегі нақты жағдайларды модельдейтін практикалық кейсті шешу және эссе жазу.
Емтихан барысында түлектердің теориялық білімі, құқықтық талдау және дәлелдеу дағдылары, құқық нормаларын қолдану және негізделген шешім қабылдау қабілеті бағаланды. Рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңнің нәтижелері бойынша апелляциялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігі көзделді.
Емтихан нәтижелерін кешенді бағалау түлектердің кәсіби даярлық деңгейін және олардың судьялық лауазымдарға конкурстық іріктеуге одан әрі қатысуға дайындығын айқындауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, биылғы түлектер судья кадрларын даярлауға қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып әзірленген жаңартылған білім беру бағдарламалары бойынша білім алды. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың бастамасымен Академияда болашақ судьяларды даярлау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның аясында оқытудың практикалық бағыты күшейтіліп, кейс-әдістер мен заманауи білім беру технологияларын қолдану аясы кеңейтілуде.
Сонымен қатар білім беру және әкімшілік процестердің тиімділігін арттыруға, жекелеген рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және магистранттардың кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған цифрлық трансформация үдерістері жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Академияға оқуға қабылдау рәсімдерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл үміткерлерді іріктеу рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жүргізіліп жатқан жаңғыртулар заңнаманы терең меңгерген, құқықтық ойлау деңгейі жоғары және қазіргі заман талаптарына сай сот төрелігін жүзеге асыруға қажетті практикалық дағдыларға ие судья кадрларының жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.