Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Ерлан Айтжанов «Конституциялық реформа: заңнаманы және мемлекеттік басқаруды дамытудың заманауи үрдістері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты ұйымдастырды.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Парламент депутаттары, сот жүйесінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ жетекші сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Іс-шара конституциялық реформаларды іске асырудың өзекті мәселелерін, Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ заң шығару қызметінің сапасын арттыру мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Ерлан Айтжанов өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан реформалар биліктің негізгі институттары үшін сапалық тұрғыдан жаңа стандарттар қалыптастырып отырғанын атап өтті.

«Жоғары Сот Кеңесі үшін бұл өзгерістердің маңызы айрықша. Олар сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға, судьялар корпусын қалыптастыру қағидаттарын жетілдіруге және соның нәтижесінде қоғамның сот төрелігіне деген сенімін арттыруға тікелей ықпал етеді. Біз кәсіби деңгейі жоғары, тәуелсіз әрі мінсіз беделге ие судьялар корпусы заң үстемдігін қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғаудың басты кепілі екеніне сенімдіміз», – деді спикер.

Конференция барысында құқықтық реттеудегі адамға бағдарланған тәсілдерді дамыту мен мемлекеттік басқаруды цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ерлан Айтжановтың айтуынша, заңнаманы тиімді жетілдіру мемлекеттік органдардың, судьялар қауымдастығының және заң ғылымының әлеуетін біріктіруді талап етеді, ал әзірленген сараптамалық ұсынымдар норма шығару қызметінде нақты қолданыс табуы тиіс.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық дамудың негізгі бағыттары мен ұлттық заңнаманы одан әрі жаңғырту мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты.