Сот төрелігі академиясының жаңғыруы: Қазақстанда судьяларды даярлау жүйесі қалай өзгеруде

Сот төрелігі академиясының жаңғыруы: Қазақстанда судьяларды даярлау жүйесі қалай өзгеруде

Сот төрелігі академиясының жаңғыруы: Қазақстанда судьяларды даярлау жүйесі қалай өзгеруде

«24KZ» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасында Сот төрелігі академиясының профессоры Ержан Егембердиев судьяларды даярлау жүйесін жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістер туралы айтты. Оның сөзінше, сапалы сот төрелігі мен азаматтардың сот жүйесіне деген сенімі кәсіби, білікті әрі тәуелсіз судьяларсыз мүмкін емес.

Академия 2024 жылы Жоғары Сот Кеңесінің қарауына өткеннен кейін жаңа даму кезеңіне қадам басты. Сот білімін жетілдіру Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов бекіткен 2025–2027 жылдарға арналған Даму тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.

Қысқа уақыт ішінде Академияда бірқатар маңызды реформалар қолға алынды. Ғылыми-педагогикалық магистратура ашылып, алғаш рет «Құқық» бағыты бойынша PhD докторантурасына лицензия алынды.

Оқу үдерісі тәжірибеге бағдарланған форматқа көшірілді. Болашақ судьяларға арналған референдиатура бағдарламасы іске қосылып, қызметтегі судьялар үшін кәсіби қажеттіліктерге бейімделген біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізілді.

Академия ғылыми қызмет субъектісі мәртебесіне ие болды, ал оның «Сот төрелігі академиясының хабаршысы» журналы ғылыми басылымдардың ұсынылатын тізбесіне енгізілді.

Заманауи цифрлық білім беру платформалары іске қосылып, Академияның өз криминалистикалық оқу полигоны құрылды.

Жүргізілген реформалар оқуға қолжетімділікті кеңейтіп, заңгерлік мамандықтардың барлық өкілдері үшін тең мүмкіндік қалыптастырды. Бұл судьялық қызметке ұмтылған мамандар үшін әділ жағдай жасап, кәсіби кадрлардың сапалы резервін қалыптастыруға ықпал етеді.

Барлық осы өзгерістердің түпкі мақсаты – сот төрелігін тиімді жүзеге асыра алатын және қоғамның сот жүйесіне деген сенімін нығайтатын тәуелсіз судьялардың жаңа буынын даярлау.